САНДУҒАШ СЕЙІЛХАН: «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ҚАЛАНЫ ТАЗАРТУДАН БҰРЫН САНАНЫ ТАЗАРТУ КЕРЕК

Арыс таза болсын дейміз. Көшелеріміз қоқыстан арылып, саябақтарымыз жайнап, айналамыз жасыл желекке бөленгенін қалаймыз. Бірақ бір сәт өзімізге сұрақ қойып көрейікші: біз сол тазалыққа қаншалықты үлес қосып жүрміз? Қаланың тазалығын талап ету оңай, ал оны сақтауға келгенде жауапкершілік танытып жүрміз бе?

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы елімізде тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды. Бұл бастама аясында еліміздің түкпір-түкпірінде сенбіліктер ұйымдастырылып, ағаштар отырғызылып, көшелер мен қоғамдық орындар тазартылып келеді. Арыс қаласында да осындай жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.

Қаланың айналма жолдары көгалдандырылып, көшеттер отырғызылып, саябақтар мен аулалар абаттандырылуда. Коммуналдық мекеме қызметкерлері күн сайын көшелерді тазалап, қоқыстарды жинап, шаһардың көркін сақтауға еңбек етіп жүр. Олардың маңдай тері мен еңбегін бағалауымыз керек.

Алайда бір мәселе көңілге қаяу түсіреді. Тазаланған көшенің қайта ластануы, арнайы қоқыс жәшігі бола тұра қалдықтарды кез келген жерге тастау, құрылыс материалдары мен тұрмыстық қоқыстарды бейберекет төгу секілді келеңсіздіктер әлі де кездеседі. Сонда біз қандай тазалықты қалаймыз? Біреу жинайды, біреу қайта шашады. Бұл әдет қашан өзгереді?

Меніңше, мәселенің түп-төркіні тазалықтың маңызын түсінбеуде емес, оған деген жеке жауапкершіліктің төмендігінде. Кейбіріміз үйіміздің ішін тап-таза ұстаймыз, бірақ табалдырықтан аттаған соң айналамызға немқұрайлы қараймыз. Өз ауламыздың алдына қоқыс тастауға ұяламыз, ал қоғамдық орынға тасталған қоқысты көргенде үнсіз өте шығамыз. Қала да – біздің ортақ үйіміз емес пе?

Тазалықты тек әкімдіктің немесе коммуналдық мекемелердің міндеті деп түсіну – үлкен қателік. Қанша техника жұмылдырылып, қанша адам еңбек етсе де, тұрғындардың санасы өзгермейінше, мәселе толық шешілмейді. Бір күндік сенбілікпен жыл бойғы тазалықты қамтамасыз ету мүмкін емес. Ол үшін әр адамның күнделікті дағдысы өзгеруі керек.

Әсіресе, жастарға айтарым: туған жерге деген сүйіспеншілік құр сөзбен емес, нақты іспен көрінеді. Көшеге қоқыс тастамау, ағашты сындырмау, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау – қарапайым әрекет болғанымен, үлкен мәдениеттің белгісі. Өзгелерден тазалық талап етпес бұрын, өзіміз үлгі болайық. Балаларымызға да тазалықты сөзбен емес, ісімізбен үйретейік.

Тағы бір маңызды мәселе – отырғызылған ағаштарды күтіп-баптау. Көшет отырғызу – жұмыстың басы ғана. Оның тамыр жайып, жайқалып өсуіне жағдай жасау да ортақ міндет. Бүгін егілген бір талдың ертең саялы ағашқа айналуы үшін оны қорғап, суарып, күтуіміз қажет. Табиғатқа жанашырлық осындай қарапайым істерден басталады.

Мен Арыстың таза, жасыл, көрікті қала болғанын қалаймын. Бірақ бұл арман тек бір мекеменің немесе бір топ адамның еңбегімен жүзеге аспайды. Әр тұрғын өз үйінің маңын таза ұстап, көшеге қоқыс тастамай, айналасына жанашырлық танытса, қаламыздың келбеті де өзгереді.

Біреудің жинағанын шашу – оңай, ал тазалықты сақтау – мәдениет. Сондықтан «Таза Қазақстан» науқанын өзгеден талап ететін міндет емес, өзімізден басталатын азаматтық жауапкершілік деп қабылдайық.

Арыстың тазалығы – арыстықтардың ортақ абыройы. Қаланы таза ұстау үшін алдымен өз санамызды тазалайық. Өйткені таза қала тазалықты сүйетін тұрғындардан басталады!

Ұқсас жаңалықтар

Тәжірибе – елге қызмет: «Күміс жас» жобасы қарқын алды

Өнер мен ұлттық нақыш үндескен ерекше шараға куә болыңыз!

berdaly_oraz

Жетісайда Мырзашөл елді мекені табиғи газға қосылды

berdaly_oraz