ҚАЗЫҒҰРТТАҒЫ ӨСІМ – НАҚТЫ НӘТИЖЕГЕ, ТҰРҒЫНДАР ТАЛАБЫ – ТИІМДІ ШЕШІМГЕ АЙНАЛУЫ ТИІС

Нұралхан Көшеров аудан тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазығұрт ауданына жұмыс сапары барысында тұрғындармен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысын саралады. Жиында аудан жетістіктері мен алдағы жоспарлар талқыланып, халықты толғандырған мәселелер мен ұсыныстарға назар аударылды.

Экономикадағы өсім – жаңа мүмкіндіктердің бастауы

2026 жылдың алғашқы сегіз айында Қазығұрт ауданының жалпы өңірлік өнімі 102,8 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,8 пайызға артқан. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 39,6 млрд теңгеге жетіп, 36 пайыздық өсім көрсеткен. Ал ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 56,1 млрд теңгені құрап, 61,7 пайызға ұлғайған.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң динамика нәтижесінде Қазығұрт биылғы бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша облыстық рейтингте үшінші орынға көтерілді.

Дегенмен экономикалық көрсеткіштердің өсуі тұрғындардың күнделікті өміріндегі өзгерістермен де өлшенеді. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы, жол сапасының жақсаруы, инженерлік инфрақұрылымның жаңаруы және халықтың әл-ауқатының артуы – дамудың басты көрсеткіштері.

– Ауданның әлеуеті зор. Ендігі міндет – осы өсімді нақты нәтижелермен бекітіп, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру. Инфрақұрылымдық жобалар сапалы әрі уақтылы жүзеге асырылып, халықтың күнделікті тұрмысындағы мәселелер кезең-кезеңімен шешілуі керек, – деді Нұралхан Көшеров.

Ауылдардың әлеуетін арттыруға бағытталған жобалар

Ауданда ауылдық аумақтарды дамытуға арналған бірқатар жоба жүзеге асырылуда. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында өткен жылы тоғыз елді мекенде жалпы құны 1,6 млрд теңге болатын жобалар іске асырылды.

Биыл жолдарды жөндеуге 755 млн теңге бөлініп, Жіңішке және Қосағаш ауылдарындағы электр желілерін жаңартуға 197 млн теңге қарастырылған. Шарбұлақ ауылында 300 орындық мектеп пайдалануға берілсе, Атажұрт және Еңбекші ауылдарын газдандыру жұмыстары жүргізілуде.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру мен кәсіпкерлікті дамытуда «Ауыл аманаты» бағдарламасының да маңызы зор. Өткен жылы бағдарлама аясында 632,4 млн теңгеге 69 жоба қаржыландырылды. Биыл 1,2 млрд теңгеге 109 жобаны қолдау жоспарланған.

Сонымен қатар 2024 жылы «Үлгілі ауыл» облыстық конкурсында бас жүлдені иеленген Шарбұлақ ауылында 500 млн теңгеге заманауи спорт кешені салынды. Бұл – ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасауға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған маңызды нысандардың бірі.

Тазалық – ортақ міндет, абаттандыру – ортақ жауапкершілік

Кездесуде «Таза Қазақстан» бағдарламасын сапалы жүзеге асыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Өңір басшысы елді мекендердің тазалығын сақтау, көшелерді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына әрбір тұрғынның үлесі маңызды екенін атап өтті.

Тазалық мәдениеті бір реттік шарамен шектелмеуі керек. Қоршаған ортаны қорғау, қоғамдық орындарды таза ұстау және туған өлкенің көркеюіне үлес қосу – қоғам болып атқаратын ортақ іс.

Тұрғындардың ұсынысы – назарда

Кездесуде Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы есеп берді. Бұдан кейін тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Ашық форматта өткен кездесуде азаматтарға өз ойларын еркін жеткізуге мүмкіндік берілді. Тұрғындардың өтініштері мен көтерген мәселелері тыңдалып, оларды шешу жолдарына назар аударылды.

Жиын соңында облыс әкімі Нұралхан Көшеров азаматтарды жеке қабылдап, өтініштерін тыңдады. Қабылдау барысында көтерілген мәселелер бақылауға алынды.

Қазығұрттағы экономикалық өсім мен ауылдарды дамытуға бағытталған жобалар ауданның әлеуетін айқындайды. Ендігі маңызды міндет – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, жоспарланған жұмыстарды сапалы орындау және тұрғындардың өтініштеріне нақты шешім ұсыну. Өйткені өңір дамуының шынайы нәтижесі ең алдымен халықтың тұрмысынан көрінуі тиіс.

Ұқсас жаңалықтар

ҚАЗЫҒҰРТ: «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» – ТАЗАЛЫҚ ПЕН ТӘРТІПТІҢ ҮЛГІСІ

Альфия Адамбек

АРЫС: ЖАНАР-ЖАҒАРМАЙДЫ ТАСЫМАЛДАУ ЖӘНЕ ТАРАТУМЕН АЙНАЛЫСАТЫН КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ НАЗАРЫНА

berdaly_oraz

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА 512 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Redaktor Arysinfo