Түркістан облысында мал шаруашылығын дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларға басымдық берілуде. Осы мақсатта облыс әкімі Нұралхан Көшеров Қазығұрт ауданына жұмыс сапары барысында Қақпақ ауылдық округінде болып, «Қарқын-2030» ЖШС жүзеге асырып жатқан заманауи мал бордақылау кешенінің құрылыс барысымен танысты.
Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту – өңір экономикасын нығайтып, ауылдық елді мекендердің әлеуетін арттырудың маңызды тетігі. Жаңа өндірістік нысандардың іске қосылуы тұрақты жұмыс орындарын ашуға, ет өндірісін ұлғайтуға және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге жол ашады.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров ауыл шаруашылығын дамытуда осындай инвестициялық бастамалардың маңызы зор екенін атап өтті.
– Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға және инвестиция тартуға басымдық беріп отырмыз. Әсіресе, мал шаруашылығында заманауи технологияларды енгізіп, өндіріс көлемін арттыру маңызды. Бұл жоба ауданның экономикалық дамуына серпін беріп, тұрақты жұмыс орындарын ашуға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да осындай бастамаларды қолдап, ауыл шаруашылығының әлеуетін тиімді пайдалануға күш саламыз, – деді облыс әкімі.
16 гектар аумақты қамтитын кешеннің құрылысы 2025 жылы басталған. Жоба аясында жалпы бес нысан салу көзделген. Бүгінде оның төртеуінің құрылысы толық аяқталған. Кешенді биыл толық қуатында іске қосу жоспарланып отыр.
Заманауи талаптарға сай салынып жатқан өндірістік кешенде негізгі үдерістерді автоматтандыру, жем-шөп дайындау, малды күтіп-бағу және қалдықтарды басқару жүйелері қарастырылған. Сондай-ақ нысан ветеринариялық, санитариялық және технологиялық талаптарға сәйкес жабдықталады.
Қазіргі уақытта кешенге 3 700 бас ірі қара қабылданып, оның 2 500 басы бордақыланған. Жоба толық іске қосылған кезде 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Бұл бастама Қазығұрт ауданының мал шаруашылығы саласындағы әлеуетін арттырып қана қоймай, өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға да тың серпін береді. Өндіріс көлемінің ұлғаюы отандық ет өнімдерінің қолжетімділігін арттырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеу бағытындағы мүмкіндіктерді кеңейтуге ықпал етеді.
Инвестиция, жаңа технология және тұрақты жұмыспен қамту – ауыл экономикасын дамытудың негізгі бағыттары. «Қарқын-2030» ЖШС жүзеге асырып жатқан жоба осы міндеттерді іске асыруға және Қазығұрт ауданының экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған.
