Республика күні қарсаңында Түркістан облысы Түлкібас ауданына қарасты Майтөбе ауылында жаңа медициналық нысан салтанатты түрде ашылды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған ғимарат 5 666 тұрғынға медициналық қызмет көрсетуге арналған.
Салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышты жаңалықпен құттықтады. Ол халық денсаулығын сақтау, медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.
Медициналық мекеменің қабылдау қуаттылығы бір ауысымда 45 адамды құрайды. Емдеу бөлімі 4 төсек-орынмен жабдықталған.
Нысанда 5 дәрігер, 13 орта буын және 2 кіші буын медицина қызметкері еңбек ететін болады.
Жаңа медициналық ғимарат ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмекті дер кезінде көрсетуге, аурулардың алдын алуға және халық денсаулығын нығайтуға мүмкіндік береді.
Салтанатты шара барысында ауыл ақсақалы Сәрсен Байсейітов ақ батасын беріп, игі бастамаға ізгі тілегін арнады. Ол ел амандығын, ауылдың өркендеуін және жаңа нысанда қызмет атқаратын медицина мамандарына абырой мен табыс тіледі.
Рәсім аясында жаңа ғимараттың лентасы қиылып, қатысушылар медициналық нысанның жұмыс жағдайымен танысты.
Майтөбеде ашылған жаңа медициналық нысан – ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Енді ауыл халқы заманауи талаптарға сай ғимаратта сапалы медициналық қызмет ала алады.
Түлкібас аудандық орталық ауруханасы халық денсаулығын сақтау жолындағы игі бастамаларды қолдап, медициналық қызмет сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береді.
Республика күні құтты болсын! Еліміз өркендеп, халқымыздың денсаулығы нығая берсін!
