Түркістанда туристерді тамсандырған фотокөрме өтті

 

Түркістанның тарихи рухы мен тәртіп сақшыларының қайсар бейнесі тоғысқан ерекше көрме өтті. Оны Түркістан облысы Полиция департаменті ұйымдастырды.

Көрме «Заң мен тәртіп» қағидатын дәріптеу мақсатында жасалған. Экспозицияда полицейлердің күнделікті өмірі, қызмет барысындағы күрделі сәттер және ел қауіпсіздігін қорғаудағы ерлігі бейнеленген суреттер қойылды. Ал көрме бұрыштарының бірінде тәртіп сақшыларының балалары өз қолымен салған суреттерімен жұртты тәнті етті — кішкентай суретшілердің көзқарасымен полиция әлемі мүлде басқа қырынан көрінді.

Шара барысында жаңа қызметтік автокөліктердің таныстырылымы да өтті. Балалар полицей көліктеріне мініп, сиренаны басып көріп, нағыз тәртіп сақшылары сияқты сезінді.

Салтанатты жиын кезінде жеке құрам мен «Жас сақшы» сыныбының оқушылары сапқа тұрды. Іс-шараға облыстың бас полицейі Мұрат Қабденов қатысып, жұртшылыққа фотокөрменің мән-маңызы туралы айтты:

«Полиция – тек заң сақшысы емес, қоғаммен біртұтас жүйе. Бұл көрме – соның дәлелі. Мұнда халыққа қызмет ету жолындағы қиын да құрметті еңбектің шынайы сәттері бейнеленген», – деді ол.

Түркістанның туристік мәртебесі көрмені халықаралық деңгейге шығарды: шараны Түркия, Өзбекстан, Ресейден келген саяхатшылар да тамашалап, полиция қызметкерлерімен суретке түсті. Көрме қонақтарына әр суреттің артындағы оқиға, ерлік пен кәсіби батылдық тарихы баяндалды.

Көрме соңында тәртіп сақшылары мен өнерлі жастар шағын концерт қойып, тұрғындарға жылы эмоция сыйлады. Жиналғандар іс-шараны дәстүрлі түрде өткізу керек деген ұсыныстарын білдірді.

Ұқсас жаңалықтар

Арыс қаласында мектепке апарар жол қауіпсіз болды

berdaly_oraz

Өңір жаңалығы: Бәйдібек ауданында көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде

Киелі Түркістанға Ақ Жайық өнер керуені келді