Мемлекет басшысы мәдениет пен өнер саласына елеулі үлес қосқан бірқатар тұлғаларды мемлекеттік наградалармен марапаттады. Олардың қатарында Татьяна Бурмистрова, Мақпал Жүнісова және Марина Ганцева бар.
Президент өз сөзінде бірқатар мәдени мекемелердің мәртебесін арттыру мәселесін де көтерді. Атап айтқанда, М.Горький атындағы Мемлекеттік орыс драма театрына және Е.Рахмадиев атындағы академиялық филармонияға «Ұлттық» мәртебе беру орынды екенін жеткізді. Сонымен қатар С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ музыкалық- драма театрына «Академиялық» мәртебе беру қажеттігін атап өтті.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы дәстүрлі өнерді дамыту мақсатында «Асыл мұра» ұлттық сыйлығын тағайындау туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
Салтанатты жиында Татьяна Бурмистроваға ең жоғары мемлекеттік награда – «Отан» ордені табысталды. Ал Қазақстанның халық әртісі, танымал әнші Мақпал Жүнісова 2 дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Сондай-ақ Михаил Лермонтов атындағы ұлттық орыс драма театрының актрисасы Марина Ганцева мәдениет саласындағы еңбегі үшін 3 дәрежелі «Барыс» орденіне ие болды.
