17 АЛТЫН МЕДАЛЬ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНДАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен қол күресінен 47-ші әлем чемпионатында ел намысын абыроймен қорғаған өңір спортшыларымен кездесті. Салтанатты жиында әлемдік додада алтын медаль иеленген спортшыларға облыс әкімінің Алғыс хаттары мен ақшалай сертификаттар табысталды. Сонымен қатар екі спортшыға пәтер кілттері берілді.

Кездесу барысында облыс әкімі спортшыларды тарихи жеңістерімен құттықтап, олардың жетістігі өңір спортының дамуына серпін беретінін атап өтті.

– Әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсеткендеріңіз үшін баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бұл додаға әлемнің 67 елінен 2 мыңға жуық спортшы қатысты. Еліміздің намысын 70 спортшы қорғаса, оның ішінде Түркістан облысынан 32 спортшы қатысып, 17 алтын, 6 күміс, 9 қола медаль жеңіп алды. Әрбір жеңістің артында спортшының табандылығы, қажырлы еңбегі және жаттықтырушылардың тынымсыз жұмысы тұр. Сіздердің жеңістеріңіз – жас ұрпаққа үлгі әрі баршамыз үшін үлкен мақтаныш. «Шардара Армспорт» спорт клубына толағай табыс тілеймін. Бүгінде облыста бұқаралық және жоғары жетістіктер спортын дамытуға, ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Қазақстанның абыройын асқақтатып, еліміздің көк байрағын биікте желбірете беріңіздер! – деді Нұралхан Көшеров.

Айта кетейік, 2026 жылғы 26 қазан мен 7 қараша аралығында Үндістан астанасы Нью-Дели қаласында өткен 47-ші әлем чемпионатына 67 елден 2 мыңға жуық спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен Түркістан облысының 32 спортшысы 17 алтын, 6 күміс және 9 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық нәтижеге зор үлес қосты.

Әлем чемпионы атанған спортшылардың қатарында 85 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нұрдәулет Айдархан бар. Ол осымен 13-рет әлем чемпионы атанды. Ал 55 келіде Ердәулет Нұрмахан алтын медаль жеңіп алып, әлемнің 6 дүркін чемпионы атанды. Сондай-ақ 60 келіде Нұрсұлтан Алдан мен 65 келіде Ұлболсын Эльмурат екінші мәрте әлем чемпионы атағына қол жеткізді.

Бұдан бөлек, 60 келіде Ұлжан Оралбай, 70 келіде Ырысты Оразхан, мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында 90 келіде Ұлықбек Құралбаев, 50 келіде Жарылқасын Рүстембек, 65 келіде Бекжан Қожантай, 70 келіде Асылжан Базарбай, 75 келіде Асылжан Бекжігіт, 80 келіде Тұрарбек Тұрғанбек, 85 келіде Нұрболат Басымбек және 90 келіде Ердәулет Мұхамбетов әлем чемпионы атанды.

Айта кетерлігі, әлемдік аренада топ жарған спортшылардың барлығы Шардара ауданындағы «Шардара Армспорт» спорт клубында тәрбиеленген. 2001 жылы Арман Қарсыбаевтың бастамасымен құрылған клуб ширек ғасырдан астам уақыт ішінде елімізге көптеген чемпиондарды дайындап шығарды.

2001-2026 жылдар аралығында клубта жаттығып, 150-ге жуық спортшы әлем чемпионы атанса, 119 спортшы әлем чемпионатының жүлдегері атанған. Сонымен қатар 26 спортшы Әлем кубогын иеленіп, 5 спортшы әлемдік комбат ойындарының чемпионы болған. Азия чемпионаттарында 347 спортшы жеңімпаз атанса, 284 спортшы жүлделі орындарға ие болған.

Бұл жетістіктер – «Шардара Армспорт» клубындағы жүйелі жұмыстың, бапкерлердің кәсіби шеберлігінің және спортшылардың табанды еңбегінің жемісі. Түркістан облысының армрестлинг мектебі осылайша халықаралық деңгейдегі беделін нығайтып, Қазақстан спортының дамуына елеулі үлес қосып келеді.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ОТЫРАРДА ЖАҢАРУ КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА 500 ТҮП АҒАШ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

berdaly_oraz

Түркістан облысында алғашқы модульді лагерь жатақханасы пайдалануға берілді

Сарыағаш ауданында ерте пісетін картопты жинау науқаны басталды

berdaly_oraz