НҰРЛАН ӘБДІРОВ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ САЙЛАУҒА ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫН ТЕКСЕРДІ

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Түркістан облысына жұмыс сапарымен келіп, алдағы мәслихат депутаттары сайлауына дайындық барысымен танысты. Сапар барысында сайлау комиссияларының жұмысы, учаскелердің материалдық-техникалық жабдықталуы және дауыс беруге жасалған жағдайлар зерделенді.

ОСК төрағасының жұмыс сапары Отырар ауданынан басталып, Түркістан қаласында жалғасты. Алдымен Нұрлан Әбдіров аудандағы №11 округтік және №520 учаскелік сайлау комиссияларының қызметімен танысты.

Бұдан кейін Түркістан қаласындағы №1 сайлау округі мен №128, №948, №949, №952 учаскелерінің сайлау науқанына дайындығы қаралды. Аталған учаскелердің техникалық жабдықталуы мен сайлаушыларды қабылдауға әзірлігін ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман тексерді. Сондай-ақ комиссия мүшелерінің кәсіби дайындығы мен жұмыс барысына назар аударылды.

Жұмыс сапары аясында өткен арнайы мәжілісте алдағы саяси науқанды заң талаптарына сәйкес ұйымдастыру, сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету және дауыс берушілерге қолайлы жағдай жасау мәселелері талқыланды.

Қазіргі таңда 2 миллион 142 мыңнан астам тұрғыны бар Түркістан облысында дауыс беру құқығына ие 1 миллион 210 мың 974 азамат тіркелген. Бұл өңір халқының 56 пайызын құрайды. Жыл басынан бері сайлаушылар саны тағы 16 мың адамға артқан.

Сайлау күні облыс аумағындағы 952 учаске жұмыс істейді. Оның 26-сы жабық учаске. Саяси науқанды ұйымдастыруға 1 282 комиссия және 7 976 маман жұмылдырылған.

Биылғы сайлауда ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың дауыс беру құқығын қамтамасыз етуге де басымдық берілген. Облыста 15 104 мүмкіндігі шектеулі сайлаушы тіркелген. Оның ішінде 3 491 азамат кресло-арбамен қозғалса, 7 750 адамның көру, 3 863 адамның есту қабілеті төмен.

Олардың сайлау учаскелеріне кедергісіз жетіп, өз таңдауын жасауына қажетті жағдай қарастырылған. Атап айтқанда, 65 инватакси, 105 әлеуметтік такси, 209 сурдоаудармашы және І топтағы мүгедектігі бар азаматтарға 770 жеке көмекші қызмет көрсетеді.

Сонымен қатар сайлаушыларға қажетті ақпаратты қолжетімді ету мақсатында цифрлық сервистер де іске қосылған. Сайлау учаскелерінің шекарасы, партиялық тізімдер мен кандидаттар туралы мәліметтер ресми интернет-ресурстарда жарияланған. Тұрғындар облыс әкімдігінің ресми сайтындағы «Өз сайлау учаскеңізді табыңыз» сервисі арқылы өз учаскесін анықтай алады. Бұдан бөлек, дауыс беру күні 557 учаскеде онлайн-сервистер қолжетімді болады.

Жиынды қорытындылаған Нұрлан Әбдіров сайлау науқанын өткізудегі басты талаптар заңдылық, ашықтық және азаматтардың еркін таңдау жасауына барлық қажетті жағдайды қамтамасыз ету екенін атап өтті.

Ұқсас жаңалықтар

Арыста су үнемдеу технологияларын енгізген шаруаларға 80%-ға дейін субсидия беріледі

berdaly_oraz

САУРАНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: КІТАПХАНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ СЕНБІЛІККЕ ШЫҚТЫ

Redaktor Arysinfo

ТҮЛКІБАСТА 20 ШАҚЫРЫМНАН АСТАМ ЖОЛ БОЙЫ ТАЗАЛАНДЫ

Redaktor Arysinfo