2025 жылдың қорытындысы: Түркістан облысында 148 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты

Түркістан облысында жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау бағытындағы шаралар нәтижесін беріп отыр. 2025 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрады. Әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жақсаруы орташа айлық жалақының 288,6 мың теңгеге дейін өсуіне ықпал етіп, бұл көрсеткіш бір жылда 8,3 пайызға артқан.

Өткен жылы облыста жұмыспен қамтуға бағытталған кешенді бағдарламалар жүзеге асырылды. Нәтижесінде 147 719 азамат еңбекпен қамтылып, оның басым бөлігі жаңа ашылған жұмыс орындарына орналасты. Мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы 48 мыңнан астам адам жұмыспен қамту шараларына қатысса, 99 мыңнан астам тұрғын тұрақты табыс көзіне ие болды.

Аймақта субсидияланатын жұмыс орындары кеңейтіліп, кәсіпкерлікті қолдау шаралары күшейтілді. «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» бағдарламасы шеңберінде ондаған мың адам еңбекке тартылды. Сонымен қатар гранттар мен электрондық еңбек биржасы арқылы да жұмыссыздарды қолдау жалғасын тапты.

Әлеуметтік әлжуаз топтарды қорғау да назардан тыс қалған жоқ. 2026 жылдың 1 қаңтарына 10 мың отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, бұл өткен жылмен салыстырғанда алушылар санының айтарлықтай азайғанын көрсетті. Мамандар мұны халық табысының өсуі мен өзін-өзі жұмыспен қамтудың артуымен байланыстырады.

Айта кетейік, облыс халқының саны 2,1 миллионнан асады, оның үштен екісінен астамы ауылдық жерлерде тұрады. Осыған байланысты өңірде ауыл аумақтарын дамыту мен жаңа жұмыс орындарын ашу алдағы уақытта да басты басымдық болып қала бермек.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысының 60-тан астам ауылы ішімдік сатудан бас тартты

berdaly_oraz

Tанымал блогер Мұрат Әбділда қайта қамалды

berdaly_oraz

Түркістан облысының бұрынғы әкімі Дархан Сатыбалды Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды

berdaly_oraz