2026 жылы өңірлерде көкөніс пен жүгері алқаптары кеңейтіледі

 

Үкіметте көктемгі дала жұмыстарын ұйымдастыру және өткізу мәселелеріне арналған жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Жиынға Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин төрағалық етті. Отырыста алдағы егіс науқанының негізгі бағыттары мен басымдықтары талқыланды.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, 2026 жылы ел өңірлерінде әлеуметтік маңызы бар көкөніс дақылдарының егіс көлемін арттыру көзделіп отыр. Ең алдымен, картоп пен сәбіз алқаптарын ұлғайтуға басымдық беріледі. Бұл ішкі нарықтағы өнім жеткіліктілігін қамтамасыз етіп, бағаның тұрақтануына ықпал етуі тиіс.

Вице-министр өткен жылы картоп егісін ұлғайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілгенін атап өтті. Нәтижесінде ұйымдасқан шаруашылықтардағы картоп алқаптары 12,5 мың гектарға артқан. Оның сөзінше, өндіріс көлемінің өсуі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Осыған байланысты өңірлерге егіс құрылымын бекіту кезінде сәбіз егісін көбейту міндеті жүктеліп отыр.

Сонымен қатар, 2026 жылы қарақұмық егісін кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарлануда. Болжам бойынша, аталған дақылдың егіс көлемі 10 мың гектарға артып, 101 мың гектарға жетпек. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 91 мың гектарды құраған. Үкімет өңірлерге белгіленген индикаторлардың орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Жиында жүгері егісін кеңейту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бұл, ең алдымен, Жамбыл облысында Fufeng Group компаниясы жүзеге асырып жатқан жүгеріні терең өңдеуге арналған өнеркәсіптік парк пен Түркістан облысындағы «Қазкрахмал» серіктестігінің өндірістік жобаларын шикізатпен қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты. Жаңа өндірістердің тұрақты жұмыс істеуі үшін жүгері алқаптарын айтарлықтай ұлғайту қажет.

Алайда, бұл қажеттілікті тек оңтүстік өңірлердің есебінен жабу мүмкін еместігі айтылды. Осыған орай солтүстік астық егетін үш өңірде жүгері егісін әрқайсысында орта есеппен 15 мың гектарға дейін арттыру тапсырылды. Бұл қадам елімізде жүгері өндірісін географиялық тұрғыда әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлерге әдістемелік және технологиялық қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл жұмыс Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы мен Мемлекеттік сорт сынау комиссиясымен бірлесіп жүргізіледі. Негізгі мақсат – солтүстік өңірлердің климаттық ерекшеліктеріне бейімделген өсіру технологияларын енгізу және сәйкес сорттарды іріктеу.

Бұдан бөлек, министрлік жүгері өсіру саласында тәжірибелік қолдау көрсетуге дайын қытайлық компаниямен келіссөздер жүргізген. Қытай тарапы топырақ-климаттық жағдайлары ұқсас аймақтардағы тәжірибесімен бөлісіп, сол жағдайларға бейімделген технологиялар мен тұқым сорттарын ұсынуға әзір екенін білдірді. Осыған байланысты өңірлерге халықаралық тәжірибені ескере отырып, жүгері егісін кеңейту бағытындағы жұмысты жандандыру ұсынылды.

Жиында минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мәселесі де қозғалды. Қазіргі таңда өңірлерге тыңайтқыштарды жөнелту басталған. Ауыл шаруашылығы министрлігі «Қазфосфат» ЖШС-мен 2026 жылға аммофостың тоннасына 254 мың теңге (ҚҚС-сыз) деңгейінде бағаны бекіту туралы меморандумға қол қойған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 15 пайызға жоғары. Қазір ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен келісімшарттар жасалып, жеткізу кестелері нақтылануда.

Қаржыландыру мәселесіне тоқталсақ, 2025 жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін 7 мыңнан астам агроөнеркәсіп субъектісіне 501,5 млрд теңге көлемінде кредит берілген. Соның нәтижесінде 7 млн гектардан астам егіс алқабы қамтылды. Ал биылғы егіс науқанына Аграрлық кредит корпорациясы арқылы 126 фермерге 17 млрд теңге көлемінде қаржыландыру мақұлданып, тағы 235 ауыл шаруашылығы өндірушісінің 76 млрд теңгеге өтінімдері қаралу үстінде.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: КЕНТАУ ҚАЛАСЫНДА «ҚҰҚЫҚ БҰЗУ-ТРЕНД ЕМЕС» ТАҚЫРЫБЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Redaktor Arysinfo

ТҮРКІСТАНДА РАЙЫМБЕК СЕЙТМЕТОВ ТЕАТРЫНА ЖАҢА АВТОБУС ТАБЫСТАЛДЫ

Redaktor Arysinfo

Атаулы әлеуметтік көмек кімдерге беріледі?

berdaly_oraz