Әкімшілік әділет – ең ірі реформалардың бірі.
Әкімшілік әділеттің негізгі бағыты жария – құқықтық қатынастардан туындаған дауларды шешу болып табылады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі азаматтар құқығын қорғаумен қатар, билік етуші орган мен жеке және заңды тұлғалар арасында туындаған даулардағы теңсіздікті жоюға бағытталған.
Осыған орай Кодексте соттың белсенді ролі қағидаты енгізілген.
Бұл ретте сот өз бастамасымен қосымша материалдарды, дәлелдемелерді жинауға, формальды қателерді жоюға, түсініксіз сөздерді нақтылауға, өтінішхаттарды беруге, толық емес нақты деректерді толықтыруға жәрдем көрсетуге, құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы.
Сонымен бірге, тараптардың арасындағы теңсіздікті жою үшін әкімшілік сот ісін жүргізуде дәлелдеу ауыртпалығы жаңаша бекітілген.
Егер тиісті жауапкерді тартуға талап қоюшы қарсы болса, сот өз бастамасымен оны қосымша жауапкер ретінде іске тарта алады.
Кодекстің талабы бойынша жауапкер әкімшілік актіде аталған негіздемелерге ғана сілтеме жасай алады. Бұл жағдай мемлекеттік органдарға өз шешімдерін сапалы дайындауға ынталандырады.
Шешімдері, әрекеттері дауланатын әкімшілік органдарды мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелерге бөлуге болады.
Мемлекеттік емес әкімшілік органдар қатарына әкімшілік акті қабылдауға заң тұрғысында өкілеттік берілген ұйымдар жатады.
Дауды сотқа дейінгі тәртіппен реттеудің мақсаты әкімшілік органдарға өз қателіктерін, кемшіліктерін жоюға мүмкіндік беру болып табылады.
Бұдан бөлек, Кодекске сот шешімінің іс жүзінде орындалуын қадағалау енгізілген. Егер әкімшілік орган сот шешімін орындамаса, сот сол органға немесе кінәлі басшыға айыппұл салуға құқылы.
Дауланған әрбір әкімшілік актіге, әрекетке (әрекетсіздікке) құқықтық баға Кодекс қағидаттары назарға алына отырып беріледі. Қағидаттардың бұзылуы әкімшілік актілерді заңсыз деп тануға, олардың күшін жоюға алып келеді.
Әкімшілік органның дауланған шешімдері мен әрекеттерінің заңдылығын жаңа қағидаттар, бағыттар бойынша тексеру барлық әкімшілік органдардың заңдылықты сақтауын нығайтады.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Ф.Абдукадырова
