Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
Аталған міндетті жүзге асыру мақсатында ақшалай өндіріп алу түріндегі мәжбүрлеу шарасы ӘРПК-нің нормасына енгізілді. Ақшалай өндіріп алу мәселесі сот процесіне енгізілген жаңашылдықтың бірі.
Ақшалай өндіріп алу – әкімшілік процеске қатысушылардың өздерінің іс жүргізу міндеттерін орындауын, сондай-ақ процеске қатысушылардың және басқа да адамдардың сот талқылауы кезінде дұрыс мінез-құлқын қамтамасыз етуге бағытталған әкімшілік мәжбүрлеу шарасы болып табылады.
ӘРПК-нің 127-бабының талаптарына сәйкес, ақшалай өндіріп алу жеке тұлғаға, лауазымды адамға, заңды тұлғаға не оның өкіліне он айлық есептік көрсеткіштен бастап бір жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде қолданылады.
Сот ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы ұйғарым шығарады, оның көшірмесі ақшалай өндіріп алу қолданылатын адамға табыс етіледі.
Ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы мәселені қарау өзіне қатысты мәжбүрлеу шарасы қолданылатын адамға алдын ала хабарлана отырып, сот отырысында жүргізіледі.
Сот процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаға, оның ішінде сот белгілеген мерзімді дәлелсіз себептермен бұза отырып дәлелдер ұсынылған, тапсырмалар орындалған жағдайларда, егер бұл әкімшілік істі қараудың созылуына алып келсе, әрбір әрекет (әрекетсіздік) үшін он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы.
Сондай-ақ, соттың талабын, сұрау салуын орындамағаны, әкімшілік іске қатысушы адамның сотқа келмегені, сотқа уақтылы хабарламағаны, кері қайтарып алуды уақтылы бермегені, сот отырысында төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбағаны, сотта белгіленген қағидаларды бұзғаны, сондай-ақ сотты және (немесе) судьяны құрметтемегені туралы анық куәландыратын өзге де әрекеттер (әрекетсіздік) үшін сот жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы.
Әкімшілік іске қатысушылар, оның ішінде мемлекеттік органдар әкімшілік әділет институтының қолданысқа енгеніне төрт жылдан астам уақыт өтсе де, ақшалай өндіріп алу шарасына жет мән бермей келетіні байқалады.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2025 жылғы 8 айда Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотымен 56 тұлғаға қатысты барлығы 4 319 800 теңге сомасында ақшалай өндіріп алу қолданылған. Түркістан өңірінде өткен жылмен салыстырғанда биылғы жылы мемлекеттік органдардың өкілдеріне ақшалай өндіріп алуды қолдану ұлғайғаны байқалады, өйткені 2024 жылғы 12 айында барлығы 60 тұлғаға қатысты 4 061 160 теңге сомасында ақшалай өндіріп алу қолданылған.
Көп жағдайда іс бойынша жауапкер ретінде тартылған мемлекеттік және әкімшілік органдарға соттың талабын орындамау, талап қоюға қарсы пікірді сот белгілеген мерзімде ұсынбау, сұратылған құжаттарды сотқа ұсынбау себептерімен ақшалай өндіріп алу шарасы қолданылады. Кейбір әкімшілік даулардың сотта қаралу мерзімдері шектеулі, атап айтқанда мемлекеттік сатып алу, сот орындаушыларының әрекетіне, әрекетсіздігіне шағым келтіру туралы даулар. Аталған дауларды шешу ауқымды құжаттарды зерттеп, зерделеуді талап ететініне қарамастан, сотта қаралу мерзімдері шекті. Талап етілген құжаттар мерзімінде ұсынылмаса, істің қаралуы созбалаңға салынады, сондықтан сот ақшалай өндіріп алу шарасын қолдануға мәжбүр болады. Сондықтан ӘРПК-нің 130-бабының талабына сәйкес, сот өзі белгілеген мерзімде дәлелдемелерді ұсынудың мүмкін еместігі туралы хабардар етілмеген, сондай-ақ сот дәлелсіз деп таныған себептер бойынша сот талап еткен дәлелдемені ұсыну міндеті орындалмаған жағдайда да ақшалай өндіріп алуды қолданады.
Сот шешімі орындалуымен құнды.
Соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде орындау үшін жауапкерге жібереді. Жауапкер әкімшілік іс бойынша соттың шешімін заңды күшіне енген күнінен бастап бір ай мерзімде орындауға міндетті, ол туралы сотқа хабарлауға тиіс. Алайда, сот шешімі барлық уақытта ерікті түрде орындала бермейді.
Сот шешімінің орындалуын жүзеге асыру мақсатында әкімшілік әділетке жаңа үрдіс — сот бақылау институты енгізілген. Егер соттың шешімінде белгіленген мерзімде ол ерікті түрде орындалмаған жағдайда, заңда белгіленген мөлшерде ақшалай өндіріп алуды қолданады. Атап айтқанда, соттың шешімін, соттың тараптардың татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімін бекіту туралы ұйғарымын орындамағаны үшін жауапкерге елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолданады. Ал, соттың шешімін, ақшалай өндіріп алу туралы соттың ұйғарымын орындамау он айлық есептік көрсеткішке ұлғайтылған мөлшерде қайталап ақшалай өндіріп алуға алып келеді.
Мысалы, соттың шешімімен Түркістан облысы ауыл шаруашылық басқармасының шаруа қожалығының субсидия алуға өтінімін қарамаған әрекетсіздігі заңсыз деп танылған. Сот шешімі заңды күшіне енгенімен, мемлекеттік органның тарапынан сот шешімі үш ай көлемінде орындаусыз қалған, соттың жазбаша ескертпелері елеусіз қалған. Мемлекеттік органдардың әрекетсіздігінің салдары басқарма басышысына және оның орынбасарына сот шешімін орындамағаны үшін әр қайсысына 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алу шарасын қолдануға әкеліп соққан.
Тағы бір мысал, соттың ұйғарымымен тараптар медиациялық келісімге келген: Кентау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша екі жұмыс күн ішінде қорытынды туралы хаттаманың күшін жоюға, күші жойылғаннан кейін екі жұмыс күн ішінде талап қоюшыны конкурсқа жіберіп, конкурс қорытындысын қайта қарауға міндеттенген. Алайда, заңды күшіне енген сот ұйғарымы мемлекеттік органның тарапынан орындаусыз қалған. Салдарынан, сот тарапынан мемлекеттік органның өкіліне 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өнідіріп алу шарасы қолданылған.
Сондай-ақ, ақшалай өндіріп алу қолданылған тұлға оны төлеуден босату немесе ақшалай өндіріп алу мөлшерін азайту туралы өтінішхатпен сотқа жүгінуге құқылы. Сонымен қатар, ақшалай өндіріп алу қолданылған кезде сот тұлғалардың өтінішхаты негізінде ұйғарымның орындалуын кейінге қалдыруға немесе екі айға дейінгі мерзімге бөліп төлеуді беруге құқылы.
Ақшалай өндіріп алу шарасын қолданудың тағы бір ерекшелігі ол ұйғарымға шағым жасау процестік мәжбүрлеу шараларының орындалуын тоқтатпайды. Ақшалай өндіріп алу қолданылған тұлға сот актісімен келіспеген жағдайда қолданылған өндіріп алуды толық төлегеннен кейін ғана шағым келтіре алады. Ақшалай өндіріп алуды төлеу ұйғарым табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады және ол республикалық бюджеттің кірісіне өндіріп алынады.
Сот тәжірибесі ақшалай өндіріп алу шарасы іске қатысушыларды тәртіпке шақыратын және сот шешімдері мен сот талаптарының уақытында орындалуын қамтамасыз ететін механизм болып табылатынын көрсетті.
Ақшалай өндіріп алу процестік мәжбүрлеу шарасы әкімшілік іске қатысушыларды заңға және сотқа құрметпен қарауды қалыптастырады деп сенеміз.
Түркістан облысының
мамандандырылған ауданаралық
әкімшілік сотының судьясы Гүлмира Мекембай
