АРЫС ӘКІМДІГІНДЕ ЖАҢА ОРЫНБАСАР: 31 ЖАСТАҒЫ МАМАНҒА ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЛДІ

Арыс қаласында әкім орынбасары қызметіне жаңа кадр тағайындалды. Қала әкімі Қайсар Маңқараевтың өкімімен Асқар Берікұлы 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Арыс қаласы әкімінің орынбасары қызметіне кірісті.

Жаңа орынбасарды қала активіне таныстырған шаһар басшысы оған жетекшілік ететін салалар бойынша нақты міндеттер жүктеді. Сонымен қатар тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, жұмысты жүйелі ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталды.

Асқар Берікұлы – 1995 жылғы 7 наурызда Алматы қаласында туған. Үш жоғары білімі бар. 2016 жылы Алматы энергетика және байланыс университетін «Электр энергетикасы», 2018 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Экономика», ал 2020 жылы Silkway халықаралық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2016 жылы «3-Энергоорталық» АҚ-да электрикалық цехтағы релейлік қорғаныстың 4-дәрежелі электромонтері ретінде бастаған. Кейін «Орталық» ЖШС-де электрослесарь қызметін атқарды.

2019 жылдан бастап мемлекеттік қызметке ауысып, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінде түрлі лауазымдарда еңбек етті. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер, мемлекеттік қызмет, бақылау және әкімшілік бағыттарында жетекші және бас маман қызметтерін атқарған.

2023-2024 жылдары Шымкент қаласы Тұран ауданы әкімінің аппаратында қоғамның орта сапасын дамыту бөлімінің бас маманы болды. 2024 жылы Шымкент қаласы әкімінің аппаратында инспекторлық жұмыс бөлімінің бас инспекторы қызметін атқарды.

Ал 2024-2026 жылдары Шымкент қаласы әкімінің аппаратының ұйымдастыру және бақылау бөлімінде бас инспектор болып жұмыс істеді.

Енді тәжірибесі мен бірнеше саладағы білімі бар жас маманға Арыс қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды міндеттерді үйлестіру жауапкершілігі жүктеліп отыр.

Жаңа қызмет – жаңа мүмкіндік қана емес, тұрғындардың талап-тілегіне жауап беретін үлкен жауапкершілік. Ең басты бағасын уақыт пен атқарылған нақты жұмыс көрсетеді.

Ұқсас жаңалықтар

Арыста спорт шебері Еребаев Телғозы Ағабекұлын еске алуға арналған Республикалық турнир басталды

Арыста заңсыз жүк тасымалына қарсы рейдтік шаралар жалғасады

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТАЗАЛЫҚ ТАЛАПТАРЫН БҰЗҒАН 20 МЫҢНАН АСА АДАМ ӘКІМШІЛІК ЖАЗАҒА ТАРТЫЛДЫ

berdaly_oraz