Отырар ауданында егін жинау науқаны қарқын алды. Биыл шаруалар үшін жауапты кезең – жүгері ору жұмыстары басталып, ауданның егістік алқаптарында қызу еңбек жүріп жатыр.
Биыл Отырар ауданында ауыл шаруашылығы дақылдары 72 900 гектар алқапқа орналастырылған. Оның ішінде 12 173 гектарға жүгері егілген. Қазір диқан қауым бірнеше айлық еңбектің нәтижесін жинап, өнімді уақытылы әрі ысырапсыз қамбаға түсіруге күш салуда.
Егін жинау жұмыстарына қажетті ауыл шаруашылығы техникалары толықтай жұмылдырылып, науқанның агротехникалық талаптарға сай жүргізілуіне басымдық беріліп отыр. Шаруалар үшін бұл – тек өнім жинайтын кезең емес, жыл бойғы еңбектің нәтижесін айқындайтын шешуші сәт.
Жүгері – аудан шаруалары үшін маңызды дақылдардың бірі. Оның мол өнім беруі ауылдағы еңбек адамдарының табысын арттырып қана қоймай, мал азығы қорын толықтыруға және өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.
Даладағы бүгінгі еңбек – ертеңгі дастарханның берекесі. Сондықтан басты міндет – өсірілген өнімді шашпай-төкпей жинап, сапасын сақтап, тиімді пайдалану.
Отырардың қуаң даласында маңдай термен өсірілген әрбір дән – шаруаның еңбегі мен төзімінің жемісі. Ендігі меже – сол еңбекті еселеп, мол өнімді ел игілігіне жарату.
Берекелі егін – бейнеттің өтеуі. Диқандардың бүгінгі қарбаласы – Отырар даласының ертеңгі ырысы.
