Арыс қаласында Францияның Alstom компаниясымен бірлесіп салынатын электровоз зауытының құрылысы жоғары қарқынмен жалғасуда. Бұл жоба өңір экономикасына серпін беріп, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашады.
Қала әкімі Қайсар Маңқараев құрылыс алаңына барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Ол жобаны сапалы әрі уақытылы аяқтау қажеттігін атап өтіп, әкімдік тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді. Қазіргі таңда нысанға инженерлік желілер тарту жұмыстары жүріп жатыр, ал сәулет-жоспарлау және техникалық құжаттар рәсімдеу толық аяқталған.
Жобаның жалпы құны – 3,5 млрд теңге. Зауыт іске қосылған соң 100-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. 2,9 гектар аумақта бой көтеретін кәсіпорын жылына 2 мыңға жуық электровоз шығара алады. Сонымен қатар мұнда теміржол құрамдарын техникалық жөндеу және қызмет көрсету бағыттары да дамытылады.
Айта кету керек, Alstom компаниясы – әлемдегі теміржол көлігі өндірісінің алдыңғы қатарлы өкілдерінің бірі. Компания жоғары жылдамдықты пойыздар, трамвайлар және локомотивтер шығару саласында бай тәжірибеге ие.
