Арыс қаласы мен ауылдық округтерінде марокко шегірткесінің таралуына жол бермеу үшін ауқымды фитосанитарлық шаралар жүріп жатыр. Жұмыстар сәуір айының басынан басталып, үздіксіз жүргізілуде. Қала аумағы 22 секторға бөлініп, әрқайсысына жауапты мамандар бекітілген.
Бүгін Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев күрес шаралары жүргізіліп жатқан аумақтарды аралап, сектор жетекшілерімен кездесіп, олардың ұсыныстары мен мәселелерін тыңдады.
– Басты мақсат – зиянкестер қанаттанбай тұрып, олардың көзін жою. Сондықтан уақытты жоғалтпай, барлық күшті жұмылдырып жұмыс істеу маңызды. Штаб құрылды, қажетті техника мен құралдар дайын. Қандай да бір қиындық туындаса, дереу штабқа хабарлаңыздар, – деді қала әкімі.
Шегірткеге қарсы жұмыстар таңғы салқын уақытта, зиянкестер белсенді болған сәттерде жүргізілуде. Мамандар далада шатыр тігіп, күндіз-түні қызмет етіп жатыр. Қазірдің өзінде 410 дана ранцевый бүріккіш, 3 авиациялық ұшақ, 100 техника, 21 су тасымалдаушы көлік және 130-дан астам арнайы техника күн сайын жұмысқа тартылып отыр.
Ауыл шаруашылығы құрылымдары да бұл іске белсене араласуда. Шаруа қожалықтары техникаға су жеткізіп, шегірткелердің ошағын анықтауға көмектесіп келеді.
Аталған шаралар қаладағы егін және мал жайылымдарының сақталуы үшін аса маңызды. Сондықтан да жергілікті билік, мамандар мен тұрғындар жұмыла әрекет етуде.