Арыс қаласында салықтық түсімдерді арттыру мәселесі талқыланды

Арыс қаласында кәсіпкерлік субъектілерінен түсетін салық көлемін көбейтуге бағытталған жиын өтті. Басқосуға қала әкімінің орынбасары Рысдәулет Айтбаев төрағалық етті. Жиынға қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының өкілдері, жауапты бөлім басшылары, сондай-ақ шаһарда қызмет көрсетіп жүрген оннан астам мейрамхана, кафе, тойхана және ойын-сауық орталықтарының иелері қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – бюджетке түсетін салық көлемін арттыру, кәсіпкерлердің заң шеңберінде жұмыс істеуін қамтамасыз ету және қолданыстағы заңнамалардың талаптарын түсіндіру болды. Әсіресе, қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлік нысандардың бағалау құнын нарықтық деңгейге сәйкестендіру, еңбек ететін қызметкерлерді ресми тіркеу және салық міндеттемелерін уақтылы орындау мәселелері кеңінен сөз болды.

Жиын барысында салық базасын кеңейтуге кедергі болып отырған бірқатар түйткілдер де талқыланды. Кейбір нысандардың есеп-қисабында сәйкессіздіктер кездесетіні, бұл жағдай бюджет кірісіне әсер ететіні айтылды. Осыған байланысты кәсіп иелеріне заң талаптарына бейімделіп, көлеңкелі экономикадан шығуға шақырылды.

Әкім орынбасары Рысдәулет Айтбаев кәсіпкерлік салада ашықтық пен әділдіктің маңызына тоқталып, мемлекеттік қазынаны толықтыру әрбір бизнес өкілінің азаматтық әрі заңдық міндеті екенін еске салды. Ол салықты дер кезінде төлеу – тек заң талабы ғана емес, сонымен қатар қаладағы әлеуметтік жобалардың жүзеге асуына, инфрақұрылымның дамуына тікелей ықпал ететінін атап өтті.

Кәсіпкерлер тарапынан да ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Олар салық төлемдерін рәсімдеуде кездесетін кейбір техникалық қиындықтарды жеткізіп, әкімдік пен тиісті органдардан қолдау көрсетуді сұрады. Өз кезегінде сала мамандары заңнаманың жаңа талаптарын түсіндіріп, бизнесті жүргізудің ашық әрі тиімді жолдарын ұсынды.

Жиын соңында Рысдәулет Айтбаев салықтық тәртіпті күшейту бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді. Ол кәсіпкерлерге түсіндіру шаралары тұрақты түрде жүргізілетінін, қажет болған жағдайда арнайы кеңес берілетінін мәлімдеді.

Айта кетейік, соңғы жылдары Арыс қаласында шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді. Бұл өз кезегінде қала экономикасына серпін берумен қатар, жұмыс орындарының көбеюіне ықпал етіп отыр. Ал салық түсімдерінің артуы – әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға, жаңа нысандар салуға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Автор: Бердалы Ораз(аймақ тілшісі)

Ұқсас жаңалықтар

Сарыағашта күнбағыс майын өндіретін зауыт салынып жатыр

Түркістанда әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлеріне арналған семинар өтті

berdaly_oraz

Түркістан облысында биыл 41 мыңнан астам бала жазғы сауықтыру лагеріне барады