Арыс қаласында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясы мүшелерінің қатысуымен теміржол саласы қызметкерлеріне арналған мазмұнды ақпараттық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – алдағы конституциялық өзгерістерді кеңінен түсіндіру, еңбек ұжымының пікірін тыңдау және ашық диалог орнату болды.
Кездесуге қала аумағындағы теміржол мекемелерінде еңбек етіп жүрген 40-тан астам жұмысшы қатысты. Басқосуда конституциялық түзетулердің мазмұны, стратегиялық бағыттары мен күтілетін нәтижелері жан-жақты баяндалды. Коалиция өкілдері реформалардың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалына тоқталып, азаматтардың құқықтарын қорғау және қоғамдық үдеріске қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған нормаларды тарқатып түсіндірді.
Жиын барысында еркін форматтағы сұрақ-жауап алаңы ұйымдастырылып, әрбір қызметкер өз ойын ашық айтуға мүмкіндік алды. Теміржолшылар тарапынан инфрақұрылымды жаңғырту, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік кепілдіктерді күшейту және сала қызметкерлерінің құқықтық қорғалуы мәселелері көтерілді. Ұйымдастырушылар бұл бағыттағы заңнамалық тетіктер кезең-кезеңімен жетілдіріліп жатқанын атап өтіп, ұсыныстардың барлығы назарға алынатынын жеткізді.
Облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбіш өз сөзінде конституциялық өзгерістер қоғам сұранысынан туындағанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңартылатын нормалар басқару жүйесінің ашықтығын арттырып, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар әр азамат реформалардың мәнін терең түсініп, белсенді азаматтық ұстаным танытуы маңызды екені айтылды.
Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдісаттар Жүніс еңбек адамдарының үні әрдайым ескерілуі тиіс екенін атап өтті. Ол теміржол саласының стратегиялық маңызын айта келе, кез келген реформада өндіріс өкілдерінің мүддесі басты назарда болуы керектігін жеткізді.
Жиын қорытындысында мұндай кездесулердің маңызы жоғары екені айтылып, түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да түрлі еңбек ұжымдарында жалғасатыны хабарланды. Теміржолшылармен өткен бұл кездесу өзара сенімге негізделген мазмұнды әрі нәтижелі диалог алаңына айналды.
