Түркістан облысы, Отырар ауданында 27–28 қараша күндері сатирик, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Көпен Әмірбектің 75 жылдығына арналған «Театр – өмір айнасы» облыстық халықтық театрлар байқауы өтті. Екі күнге созылған өнер додасына өңірдің барлық аудан-қалаларынан 15 халықтық театр қатысып, көрерменге комедия жанрындағы үздік қойылымдарын ұсынды.
Байқауды бағалаған қазылар алқасы құрамында Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрының директоры Арман Әлиев, театр актеры Шәкен Амантұров және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Асылхан Темірхан болды. Қазылар әр ұжымның сахналық мәдениетін, актерлік шеберлігін, режиссерлік шешімдерін және шығармашылық ізденісін жан-жақты саралады.
Қатысушы театрлар Көпен Әмірбек пен қазақ сатириктерінің шығармаларына негізделген 15 түрлі комедиялық қойылымды сахналады. Әр туынды терең ойды, халықтық рухты және қоғамдағы өткір мәселелерді астарлы түрде жеткізуімен ерекшеленді. Көрермен бір мезетте күліп те, ой түйіп те, театр өнерінің қоғамдық сана қалыптастырудағы рөлін сезінді.
Өзара мықтылар анықталған додада Арыс қаласының халықтық көркемөнерпаздар ұжымы – драма үйірмесі жоғары дайындық пен кәсіби деңгейін көрсете отырып, жүлделі ІІІ орынды иеленді. Бұл жетістік – өнерпаздардың таланты мен еңбегінің лайықты нәтижесі.
Арыс қаласының өнер ұжымы аймақтық мәдениет саласының дамуына үлес қосып, жаңа қойылымдарымен көрермен көңілінен шығуды жалғастыра бермек.
Арыс қаласы өнерпаздарын құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілейміз!
