Арыс қаласы әкімдігінің қаулысымен құрылған арнайы жұмыс тобы қала аумағындағы базарларда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізді. Тексеру барысында негізгі тұтыну өнімдерінің бағасы сараланып, сауда нүктелеріндегі ахуал жан-жақты зерделенді.
Мониторинг аясында кәсіпкерлерге Қазақстан Республикасының «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының талаптары түсіндірілді. Атап айтқанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша сауда үстемесі өндірушінің босату бағасынан немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасынан 15 пайыздан аспауға тиіс екені ескертілді.
Сонымен қатар, базар әкімшілігіне қарасты аумақтарда санитарлық тазалықты күшейту қажеттігі айтылып, ішкі және сыртқы аумақтардың таза әрі талапқа сай ұсталуы бойынша нақты міндеттер жүктелді.
Кәсіпкерлерге салық заңнамасына сәйкес есепке алу құжаттарын дұрыс рәсімдеу, шот-фактураларды белгіленген тәртіппен жүргізу, бухгалтерлік және қаржылық есеп құжаттарын ұсыну талаптары кеңінен түсіндірілді. Бұдан бөлек, тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамаға сәйкес әрбір сатып алушыға тауар құнын растайтын түбіртек немесе чек беру міндетті екені қатаң ескертілді.
Аталған мониторингтік шаралардың басты мақсаты – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз қымбаттауына жол бермеу, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және тұрғындардың құқықтарын қорғау. Қала әкімдігі бұл бағыттағы бақылау жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын хабарлады.
