АРЫСТА БИЫЛ 20-ҒА ЖУЫҚ КӨШЕГЕ АСФАЛЬТ САЛЫНДЫ

Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев бүгін Мәдениет үйінде қала тұрғындарымен есепті кездесу өткізіп, биыл атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды таныстырды. Осыған дейін әкім 6 ауылдық округті аралап, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін жинаған болатын. Соның негізінде биылғы жылы қала мен ауылдарда бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асқан.

Әсіресе жол құрылысы бағытында айтарлықтай ілгерілеу бар. Әкімнің айтуынша, жыл басында тұрғындар көтерген мәселелердің бір бөлігі қаржыландыру мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен орындалып келеді. Тараз тұрғын ауданындағы жаңадан салынған «Келешек» мектебіне апаратын үш көше асфальтталып, оқушылар мен ата-аналар үшін жол қолайлы hale келтірілді. Бұған қоса, Отырар тұрғын ауданындағы жаңа білім нысанына баратын көше де толық жөнделді.

Қалада ғана емес, ауылдық округтерде де жұмыс қарқынды. Ақмұрзаев (Махалля) көшесіндегі бес тұйық көше асфальтталып жатыр. Жыл соңына дейін Қалау датқа (Мехколонна) шағын ауданындағы төрт көшеге де жаңа жол төселмек. Сондай-ақ Ақдала ауылдық округінде жол салынбаған үш көшеге және Қожатоғай ауылындағы екі көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.

Биыл жалпы есеппен қала мен ауылдық округтерде жиырмаға жуық көше асфальтталып, оннан астам көшеде жаяу жүргіншілер жолы салынған. Сонымен қатар, кіре берістегі Аркадан бастап қалаға дейінгі он шақырымдық жолға және қалаішілік төрт көшеге түнгі жарық шамдары орнатылды. Бұл шаралар тұрғындардың қауіпсіздігі мен қозғалыс қолайлылығын арттыруға бағытталған.

Қала ішінде жол қозғалысын реттеу және қауіпсіздікті күшейту мақсатында Ардагер, Елетов, Мақатаев көшелеріне жасанды жол кедергілері қойылды. Сондай-ақ «Арыс–Монтайтас» облыстық маңызы бар автожолы бойында орналасқан Аршабай, Қабылсай және Ақтас елді мекендерінің тұсына да кедергілер орнатылды.

Кездесу барысында Қайсар Маңқараев жол құрылысы жұмыстарын әрі қарай да жалғастыру жоспарланғанын атап өтті. Оның айтуынша, инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған жобалар қала бюджетінің мүмкіндігін ескере отырып, келесі жылдары да жүзеге аса береді. Әкім көлік және жаяу жүргінші жолдарын дамыту – алдағы кезеңнің негізгі басымдығы екенін жеткізді.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 200 МЫҢ ГЕКТАРДАН АСТАМ ЖАЙЫЛЫМ ЖЕР ҚОҒАМҒА БЕРІЛДІ

berdaly_oraz

Монтайтас: Атамекендегі жарықсыз көшелер,ақпан айының соңына дейін толығымен жарықтандырылады

berdaly_oraz

Жетісай аудан әкімі пайдалануға берілген нысандардың жай-күйін тексерді

berdaly_oraz