Арыс қаласы әкімдігінде бюджет түсімдерін ұлғайту және қосымша кіріс көздерін анықтау мәселесіне арналған мәжіліс өтті. Қала әкімінің орынбасары Рысдәулет Айтбаевтың төрағалығымен өткен жиынға дербес бөлім басшылары мен қалалық кірістер басқармасы өкілдер қатысты.
Кездесуде кәсіпкерлік саласындағы субъектілерді түгендеу, жаңадан ашылған кәсіпкерлердің тізімін жасау, түбіртек бермейтін сауда орындарын анықтау, заңсыз пайдалы қазба өндіру фактілерін зерделеу және қала аумағында жұмыс істеп жатқан, бірақ басқа жерде тіркелген кәсіпкерлерді Арыс қаласына тіркеу жұмыстары жүргізілетін болды.
Бұдан бөлек, сыртқы жарнамаларды заң талаптарына сәйкестендіру, ауыл шаруашылығы өнімдерінің айналымын есепке алу, шаруа қожалықтарындағы жұмысшылардың заңды тіркелуін анықтау және инвестициялық жобаларды қала аумағында тіркеу бағытында тиісті бөлімдерге нақты міндеттер жүктелді.
Жиын қорытындысы бойынша барлық жауапты мекемелерге бюджет кірісін арттыруға бағытталған жұмыстарды тұрақты түрде жүргізу және ай сайын нәтижесі бойынша ақпарат ұсыну тапсырылды.
