Арыс қаласында өндіріс пен логистика саласын дамытуға бағытталған жаңа жобалар кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Бұл жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес жүзеге асуда. Қала аумағында салынып жатқан нысандардың құрылыс барысы тұрақты бақылауда, жауапты мамандар мен инвесторлармен тығыз байланыс орнатылған.
Арыс – теміржол торабына орналасқан, тарихи тұрғыда теміржолшылар қаласы ретінде қалыптасқан шаһар. Қаланың бұл ерекшелігі жүк тасымалы, логистика және өндіріс салаларын дамытуға айрықша мүмкіндік береді. Қазіргі таңда осы әлеуетті тиімді пайдалану негізгі басым бағыттардың біріне айналған.
Бүгінде өндірістік парк аумағында бірнеше кәсіпорынның құрылысы жүріп жатыр. Аталған жобалар іске қосылған кезде жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына серпін бермек. Сонымен қатар жеке инвесторлардың қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатқан «құрғақ порт» жобасы қаланың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтіп, Арысты өңірлік логистикалық орталық ретінде дамытуға жол ашады.
Қала әкімдігі тарапынан инвесторлар мен кәсіпкерлерге ашық диалог алаңы ұсынылып, өндіріс ашуға ниетті азаматтарға заң аясында жан-жақты қолдау көрсетілуде. Инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, жер телімдерін бөлу және жобаларды сүйемелдеу мәселелері тұрақты назарда.
Жалпы, Арыс қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу және жаңа жұмыс орындарын құрумен тығыз байланысты. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.
