Арыс қаласында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өрттің алдын алу бағытындағы кешенді түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Арнайы іс-шара Арыс қаласы әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтановтың жетекшілігімен өтті.
Құрамында қалалық газ инспекциясының мамандары, Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері және әкімдікке қарасты жауапты сала өкілдері бар жұмыс тобы тұрғындармен тікелей кездесіп, қауіпсіздік талаптарын жан-жақты түсіндірді. Кездесу барысында тұрмыстық газ және электр құралдарын дұрыс пайдалану, қатты отынмен жанатын пештердің қауіпсіздігі, сондай-ақ табиғи газ бен газ баллондарын қолдану кезінде сақталуы тиіс негізгі ережелер кеңінен айтылды.
Сонымен қатар мамандар өрттің жиі кездесетін себептеріне тоқталып, төтенше жағдайдың алдын алу жолдарын түсіндірді. Қауіп туындаған сәтте жасалуы тиіс алғашқы әрекеттер жөнінде нақты нұсқаулықтар берілді.
Бұл профилактикалық шаралар жылыту маусымы кезеңінде өрт оқиғаларының алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыруды көздейді. Түсіндіру жұмыстары жылыту маусымы толық аяқталғанға дейін жүйелі түрде жалғасатын болады.
Аталған бағыттағы жұмыстардың басты мақсаты – адам өмірі мен мүлкін қорғау, қауіпсіздік талаптарына деген жауапкершілікті күшейту. Алдын алу шаралары алдағы уақытта да тұрақты түрде жүргізілмек.
