Арыс қаласында өткен сенбі мен жексенбі күндері тазалыққа бағытталған кезекті рейд өз нәтижесін берді. Қала билігі мен қоғам белсенділері бірігіп ұйымдастырған шара барысында рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс пен құрылыс қалдықтарын тастау деректері анықталды.
Ең сорақысы – кейбір тұрғындардың мал қалдықтарын кез келген жерге үйіп, кейде тіпті өртеуі. Мұндай жауапсыз әрекеттер тек қоршаған ортаға ғана емес, қала тұрғындарының денсаулығына да қауіп төндіреді.
Жыл басынан бері осындай заңбұзушылықтар бойынша 220-дан астам әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Жауапты мамандар бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатынын мәлімдеді.
Қалада сенбіліктер жалғасып жатыр. Мемлекеттік мекемелер, жеке кәсіп иелері мен қарапайым тұрғындар көшелер мен аулаларды тазалауға белсенді қатысып келеді. Бұл – ортақ мәдениеттің, азаматтық жауапкершіліктің белгісі.
Алайда тәртіп пен тазалықтың басты кепілі – әрбір тұрғынның экологиялық санасы мен мәдениеті. Қоқысты арнайы белгіленген орындарға тастау – тек талап емес, қалаға деген жанашырлықтың көрінісі.