Арыста су үнемдеу технологияларын енгізген шаруаларға 80%-ға дейін субсидия беріледі,-деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Арыс қаласында агроқұрылым өкілдерімен су ресурстарын тиімді пайдалану және су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесіне арналған арнайы кездесу өтті. Басқосу қалалық кәсіпкерлік мектебінің мәжіліс залында ұйымдастырылды.
Жиынды қала әкімінің орынбасары Рысдаулет Айтбаев жүргізіп, ауыл шаруашылығында суды ұтымды пайдалану бүгінгі таңда аса өзекті мәселелердің біріне айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, егістікті ағын сумен қамтамасыз ету барысында туындайтын қиындықтар заманауи су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуді талап етеді.
Кездесуге сала мамандары да қатысып, шаруаларға нақты ақпарат берді. Атап айтқанда, Жәрдем Ас микроқаржы ұйымының өкілі Ербол Стамқұлов және КазКиоти компаниясы директорының орынбасары Жомарт Бердіхан су үнемдеу технологияларының тиімділігі, оларды енгізу жолдары мен қаржыландыру мүмкіндіктері туралы кеңінен түсіндірді.
Жиын барысында шаруалар тамшылатып суару жүйесін енгізу, жаңа технологияларды шаруашылықтарға бейімдеу және мемлекеттік қолдау тетіктері жөнінде сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
Кездесу қорытындысында агроқұрылымдарда су үнемдеу технологияларын кезең-кезеңімен енгізу, шаруаларға ақпараттық-кеңестік қолдау көрсету және тиісті мекемелермен бірлескен жұмысты күшейту қажеттігі айтылды.
Айта кетейік, мұндай технологияларды енгізген шаруашылықтарға мемлекет тарапынан 80 пайызға дейін субсидия қарастырылған. Толық ақпаратты Арыс қаласының ауыл шаруашылығы бөлімі арқылы алуға болады.
