Арыс қаласында биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай тарихи маңызы зор саябақтар мен мемориалдар жаңаша келбетке енуде. Қан майданда ерлікпен қаза тапқан бабалар рухына тағзым ретінде қолға алынған бұл жұмыстар қала әкімінің тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр.
Қала әкімі Қайсар Маңқараев бүгін «Жеңіс» сквері мен бірқатар тарихи орындарды аралап, жөндеу және абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Атап айтқанда, «Жеңіс» саябағында биыл гранит тақталар толық жаңартылып, Жеңіс құрметіне қойылған стелла қайта әрленуде. Сонымен қатар, түнгі жарық шамдары түгел жаңартылып, қосымша прожекторлар орнатылды. Қала басшысы бұл жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуын талап етіп, сәуір айының соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Сондай-ақ, әкім «Қасірет» мемориалындағы жұмыстарды да бақылап шықты. Мұнда жарықтандыру жүйелері қалпына келтіріліп, аумақты абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жаңа газон төселіп, автоматты суару жүйесіне қосу жоспарланған.
Қала тұрғындарының тынығуына арналған тағы бір маңызды орын – «Батырлар аллеясы». Қайсар Маңқараев бұл аумақтың қауіпсіздігіне ерекше мән беріп, жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктеді.
Арыс қаласы әкімдігі осындай игі істер арқылы қала келбетін жаңартып қана қоймай, ұрпаққа тарихи тағылым беруді көздеп отыр.