Бүгін Арыс қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кезекті жалпы қалалық сенбілік ұйымдастырылды. Іс-шара барысында жол жиектеріндегі арамшөптер отау, көшелер мен қоғамдық орындарды қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілді.
Ауқымды тазалық акциясына мемлекеттік қызметкерлер, мәслихат депутаттары, мекеме және кәсіпорын ұжымдары, теміржол қызметкерлері мен әскери бөлімдердің сарбаздары белсенді қатысты. Сонымен қатар, «Khazakh Real Stroy» мекемесі қала орталығында 3000 түп түрлі-түсті гүл отырғызып, Арыстың сәнін арттырды.
Қала тазалығына діни қызметкерлер де үлес қосып, Стадион тұрғын ауданындағы мазаратта тазалық жұмыстарын жүргізді. Әскери бөлімдер сарбаздары өз аймақтарында талдарды әктеп, арамшөптерді орып, көгалдандыру жұмыстарымен айналысты.
Сенбілік барысын қала әкімі Қайсар Маңқараев өзі бақылап, тазалық шарасына белсене қатысқан ұжымдар мен тұрғындарға алғысын білдірді. Әкім алдағы уақытта бұқаралық тазалық акцияларын кең көлемде өткізу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, тұрғындарды туған жерге сүйіспеншілікті іс жүзінде танытып, қала тазалығына жауапкершілікпен үлес қосуға шақырды.
Арыс қаласында «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы экологиялық іс-шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғаса бермек.