Арыс қаласында экологияны жақсарту және қала аумағын көгалдандыру мақсатында “Өз ағашыңды отырғыз” атты акция өтті. Шара “Таза Қазақстан” экологиялық бастамасы аясында ұйымдастырылып, жергілікті тұрғындар белсенді түрде атсалысты.
Іс-шара барысында Әл-Фараби алаңында арнайы ұйымдастырылған орында тұрғындарға ағаш көшеттері тегін таратылды. Акцияны қаланың көгалдандыру жұмыстарымен айналысатын “Жасыл Арыс” мекемесі қолға алып, өз тұқымбағында өсірілген қараағаш, үйеңкі және шаған түріндегі үш түрлі ағашты ұсынды.
Көшет алған тұрғындар мен еріктілер аула мен көше бойларын көріктендіруге кірісіп, жасыл бастаманы қолдауда белсенділік көрсетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл игі шара тек қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға емес, тұрғындардың табиғатқа деген көзқарасын өзгертуге де әсер етеді.
Тұрғындар мұндай табиғатты қорғауға бағытталған шаралардың тұрақты түрде өткізіліп тұрғанын құптайтындарын жеткізді.