Арыста жалпықалалық сенбілік өтіп, тұрғындар тазалық жұмыстарына атсалысты

Арыс қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында кезекті жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық шарасына мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар, білім беру ұйымдары, түрлі еңбек ұжымдары мен қала тұрғындары белсенді қатысты.

Бұл жолғы сенбілік қала орталығында өтіп, оның барысында көшелер мен қоғамдық орындардың тазалығына ерекше көңіл бөлінді. Жол жиектеріндегі арамшөптер орылып, жиналған қоқыстар арнайы қаптарға салынды. Кейін тұрмыстық қалдықтар белгіленген орындарға шығарылды.

Сенбілікке көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында тұратын азаматтар да белсенді қатысты. Атап айтқанда, Әбдіразақов көшесіндегі №49 үйдің тұрғындары өз аулаларын тазалап, ойын алаңдарын ретке келтірді. Тұрғындар мұндай жұмыстардың қоршаған ортаның тазалығын сақтаумен қатар, аула тұрғындары арасында жауапкершілік пен ұйымшылдықты қалыптастыратынын атап өтті.

Қала әкімдігі сенбілікке қатысқан барлық азаматтарға алғыс білдірді. Сонымен қатар тұрғындарды өздеріне тиесілі аумақтарды таза ұстауға, қоқысты белгіленбеген жерге тастамауға және қаланың көркеюіне үлес қосуға шақырды.

Айта кетейік, Арыста «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанда тәуелсіз медициналық сарапшылар институты енгізілді

berdaly_oraz

Шымкентте терроризмді насихаттаған және діни алауыздықты қоздырған адамға үкім шықты

Облыста биыл 16 жайлы мектеп пайдалануға беріледі