Aрыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев «Арыс жылу» коммуналдық мекемесіне қарасты негізгі екі қазандықтың жұмысын барып көрді.
Алдымен ол Көктем тұрғын ауданындағы қазандыққа аялдап, нысанның қазіргі жағдайымен танысты. Бұл қазандық бүгінде 12 көпқабатты үйді — барлығы 606 абонентті жылумен қамтып отыр. Бұрын сұйытылған газбен жұмыс істеген жүйе былтыр табиғи газға ауыстырылған еді. Қазір ол заманауи модульдік форматта, тұрақты режимде жұмыс істеп тұр.
Әкім бұдан соң И.Ақынбеков көшесіндегі орталық қазандыққа барды. «Арыс жылу» КМК басшысы Әлішер Тілеу қазандықтағы процестердің толық автоматтандырылғанын айтты. Мұнда орнатылған ART Boilers БМКГ-13957 маркалы модульдік жабдық табиғи газбен де, дизель отынымен де жұмыс істей алады.
Қала бойынша жылыту маусымы 27 қазаннан бастап толық іске қосылған. Барлық тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар жылуға қосылды.
Қайсар Маңқараев тұрғындарды үздіксіз жылумен қамтамасыз ету — қала өміріндегі ең өзекті мәселенің бірі екенін айтып, бұл бағыттағы жұмыстардың тұрақты түрде әкімдік бақылауында болатынын атап өтті.
