Түркістан қаласында өтіп жатқан «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумына Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев пен арыстық кәсіпкерлерден құралған делегация қатысуда. Форумға шетелден және еліміздің өңірлерінен келген 300-ге жуық компанияның өкілдері жиналды.
Іс-шара барысында өңірлердің инвестициялық, туристік және өндірістік бағыттағы мүмкіндіктерін таныстыратын көрме ұйымдастырылып, ауыл шаруашылығы, қолөнер және индустриалды жобалар ұсынылды.
Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев шетелдік компаниялардың өкілдерімен екіжақты кездесу өткізіп, қаланың экономикалық және инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін таныстырды. Әкім Арыстың өндіріс, ауыл шаруашылығы, логистика және шағын өнеркәсіп бағыттарында инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

Форум аясында өткен G2B және B2B форматындағы кездесулерде арыстық кәсіпкерлер өз жобаларын ұсынып, шетелдік әріптестермен серіктестік мүмкіндіктерін талқылады. Бірқатар салалар бойынша ынтымақтастыққа қызығушылық танытқан компаниялармен алдын ала келісімдер жасалды.
Халықаралық форум Арыс қаласының жаңа серіктестер табуына, инвестициялық әлеуетін кеңейтуге және өңірге капитал тартуға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.

