Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) – жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға немесе отбасыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау түрі. Бұл көмек шартсыз және шартты ақшалай көмек болып екіге бөлінеді. АӘК Кодекстің 120-бабының 4-тармағына сәйкес рәсімделеді.
Шартсыз ақшалай көмек кімге беріледі?
Шартсыз көмек келесі санаттағы азаматтарға тағайындалады:
1. Жұмыспен қамту шараларына қатыса алмайтын жалғызбасты немесе жалғыз тұратын азаматтарға, егер олар:
- зейнеткерлік жасқа толған болса;
- I немесе II топтағы мүгедектігі болса;
- екі айдан астам уақыт еңбекке уақытша қабілетсіз деп танылатын ауруға шалдыққан болса.
2. Құрамында еңбекке қабілетті адамы жоқ отбасыларға, немесе:
- отбасының жалғыз еңбекке қабілетті мүшесі 3 жасқа дейінгі балаға күтім жасап отырған болса;
- мүгедектігі бар балаға немесе I, II топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын болса;
- бөгденің көмегіне мұқтаж қартқа күтім жасап отырған көпбалалы не аз қамтылған отбасы болса.
Бұл санаттар үшін жұмыспен қамту шараларына қатысу талабы қойылмайды.
Шартты ақшалай көмек кімге беріледі?
Шартты ақшалай көмек келесі азаматтарға беріледі:
1. Еңбекке қабілетті жалғызбасты адамдарға немесе еңбекке қабілетті мүшелері бар аз қамтылған отбасыларға,
олар жұмыспен қамту орталығы ұсынатын шараларға қатысқан жағдайда.
2. Әлеуметтік келісімшарт жасасқан адамдарға.
Әлеуметтік келісімшарт – шартты ақшалай көмектің негізгі талабы.
Бұл келісімде отбасының жеке жоспары, жұмысқа орналасу немесе әлеуметтік бейімделу іс-шаралары көрсетіледі.
Егер келісімшарт талаптары орындалмаса немесе жалған құжат тапсырылса, шарт бұзылып, көмек төлеу тоқтатылады.
Жұмыспен қамту шаралары міндетті емес жағдайлар
Кей азаматтар үшін жұмыспен қамту шараларына қатысу міндетті емес. Олар:
- I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар;
- күндізгі оқу нысанында оқитын оқушылар, студенттер, курсанттар, магистранттар;
- екі айдан астам уақыт еңбекке уақытша қабілетсіз деп танылғандар;
- 3 жасқа дейінгі балаға немесе мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын ата-аналар;
- 80 жастан асқан қартқа күтім жасап отырған адам.
Отбасы ішінде мұндай күтімді орындайтын тек бір еңбекке қабілетті адам ғана есептеледі.
Сонымен бірге, тұрақты жұмысы бар адамдарға да мұндай талап қойылмайды.
АӘК алу үшін қалай өтініш беруге болады?
АӘК рәсімдеу үшін азаматтар:
- тұрғылықты жері бойынша мaнcап орталығына;
- мансап орталығы жоқ елді мекенде – ауыл, кент, ауылдық округ әкімдігіне;
- сондай-ақ egov.kz порталы арқылы немесе мобильді қосымшалар арқылы өтініш бере алады.
