Автобуста жолақысын төлемегендерге 7864 теңге айыппұл салынады, деп хабарлайды Arysinfo.kz AtyrauPress-ке сілтеп.
«Smart Qala» ЖШС директоры Марғұлан Ешмановтың айтуынша, биылғы наурыз айынан бастап Smart Qala жолаушылардың жолақысын төлеуін тексеруді көлік компаниялары және қалалық жолаушылар көлігі бөлімімен үшжақты келісім негізінде бастаған.
Жолақысын төлемегені үшін айыппұл арқалаған жолаушылар жиі ашуға бой алдырып, дөрекілік танытады екен. Мұндай жағдайда тексерушілер полиция шақыруға мәжбүр болады. Мәселен, осындай жағдай 13 сәуір күні түскі уақытта №57 бағыттағы автобуста орын алған. Жолаушы айыппұл төлеуден бас тартып, нәтижесінде полиция қызметкерлері оған әкімшілік хаттама толтырған. Ал, автобустағы жолаушылар бұған аң-таң болған көрінеді.
«Атырау қаласындағы қоғамдық көліктерде бір ай ішінде жүргізілген рейд нәтижесінде 27 000 жолаушы мен 2 940 автобус тексерілді. 90 жағдайда жеңілдік карталарын басқа тұлғалар, оның ішінде оқушылардың ата-аналары пайдаланғаны анықталды. Бір жолаушы бөтен картаны пайдаланып, жолақысын төлеуден бас тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өткен аймен салыстырғанда жолақысын төлейтін жолаушылар саны 13%-ға артты», – деді М.Ешманов.
Заң бойынша жолаушы міндетті:
-
Автокөлікпен жолаушылар мен багажды тұрақты тасымалдау маршруттарында жолақысын төлеуге және/немесе билет (электрондық билеттен басқа) алып, оны сапар соңына дейін сақтауға.
Егер жолақы төленбесе немесе бөтен, оның ішінде жеңілдік карталары қолданылса, бұл жолақы төлеуден жалтару болып саналады және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 622-бабына сәйкес қоғамдық көлікпен жүру ережелерін бұзу болып табылады.
-
Қоғамдық көлікте жолақы төлеуден жалтару — екі айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде, яғни 7 864 теңге айыппұл салуға әкеп соғады.
Smart Qala компаниясы автобустарда жолақы төлемдерін бақылау тұрақты түрде жүргізілетінін ескертеді және жолаушылардан тек өздерінің карталарын пайдалануды сұрайды. Бүгінде Атырау – жолақысы ең арзан (80 теңге) қала болып отыр.