Бүгін Бәйдібек ауданында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы аймақтық «Жер аманаты» комиссиясының көшпелі отырысы ұйымдастырылды. Жиынға Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті, аудан әкімдіктерінің өкілдері мен жер қатынастары саласының мамандары қатысты.
Отырысты «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев ашып, жүргізді. Жоба аясында 2024–2025 жылдары атқарылған жұмыстар туралы баяндамалар тыңдалды, қойылған мәселелер мен оларды шешу жолдары жан-жақты талқыланды.
Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықов атқарылған жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталды. Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратов, Отырар ауданы әкімінің орынбасары Токсейт Елекеев және Бәйдібек ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бақыт Қырғызалиев аудандарындағы жобалардың іске асу барысын баяндады.
Қатысушылар жерді тиімді пайдалану, заңсыз жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді цифрландыру мәселелерін талқылады. Жиын соңында нақты ұсыныстар қабылданып, жауапты органдарға тапсырмалар берілді.