Белгілі айтыскер ақын Балғынбек Имашев ұлы Данияр Имашевтың атына байланысты дауға алғаш рет ашық пікір білдірді. Оның айтуынша, қажылық сапарына бармақ болған жандар алданып қалғанымен, олардың ақшасы қайтарылып жатыр, деп хабарлайды Nege.kz.
Бұған дейін Алматыда Данияр Имашевқа қатысты «алаяқтық» бабымен тергеу жүріп жатқаны туралы ақпарат тараған болатын. Ол биыл қаңтарда бір компанияға атқарушы директор болып жұмысқа тұрған. Алайда дәл осы компанияға 50-ге жуық адам қажылық сапарға бару үшін қаржы аударып, нәтижесінде жолға шыға алмай қалған.
Болған жайтты баласынан бұрын, әке ретінде түсіндіруді жөн көрген ақын шындықтың шетіне үңілді:
> «Ұлым бұл компанияда небәрі үш айдан бері істейді. Жай ғана жалдамалы қызметкер. Қаржылық мәселелерге араласпайды. Бірақ жұртшылық оны емес, мені де қоса қаралап жатыр. «Балғынбектің баласы» деген сөз елді шулатты. Иә, тәжірибесіз, жаңадан істей бастаған. Қателіктер де болуы мүмкін. Бірақ оны бірден алаяқ деп, үкім шығарып жатқандардың пікірі әділетсіз», – деді ақын ашынып.
Балғынбек Имашев сонымен қатар шағымданушылардың алдымен әлеуметтік желіде мәселені көтеріп, тек кейін ғана құқық қорғау органдарына жүгінгенін айтып өтті. Оның айтуынша, компания қажылыққа бара алмай қалған азаматтардың қаражатын қайтаруға кіріскен.
«Қаражат қайтарылып жатыр. Бұл – ең бастысы. Ал көптің алдында біреуге күйе жағып, атын былғау – ол оңай нәрсе емес. Ақиқатты асықпай, сабырмен анықтау керек», – деді ол.