Сурет: Ерлан Омар
Түркістан қаласында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында «Еңбек кубогы» атты республикалық спартакиада басталды. Ел көлеміндегі 20 өңірден жиналған 2000-ға жуық студент бір апта бойы спорттың бірнеше түрінен сайысқа түседі.
«Түркістан Арена» стадионында өткен ашылу салтанатына ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Министр өз сөзінде Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылған бұл шараның мән-маңызына тоқталды.
– Бұл бастама студенттерге спорттық серпін ғана емес, еңбекке деген жаңа көзқарас қалыптастырады. 2025 жылдан бастап колледждерді қаржыландыру көлемі екі есе артады. Бұл – білім сапасын, материалдық-техникалық базаны жақсартуға бағытталған нақты қадам, – деді Ғани Бейсембаев.
Өз кезегінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістанның еліміздегі ірі спорттық іс-шараларды қабылдауға қауқарлы екенін жеткізіп, өңірдегі техникалық білім мен жұмыспен қамту бағытындағы жоспарларымен бөлісті. Айта кетсек, облыста 50 колледжде 45 мыңнан астам студент білім алуда, ал биыл 15 мыңнан астам грант бөлінбек. Сонымен қатар, колледждер жаңа 11 жұмысшы мамандығы бойынша лицензия алмақ.
Спартакиада аясында үздік нәтиже көрсеткен студенттер Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дің білім гранттарына ие болмақ. Сонымен бірге, жетекші кәсіпорындар жарыс жеңімпаздарын арнайы сертификаттармен марапаттап, жұмысқа қабылдауды жоспарлап отыр.
Ашылу рәсімі тарихи тұлғалар мен патриоттық рухты насихаттаған көркем қойылымдармен әрленіп, жоғары деңгейде өтті.
- Спартакиада бағдарламасына баскетбол, волейбол, футзал, тоғызқұмалақ, шахмат, үстел теннисі және шағын футбол сынды спорт түрлері енген. Жарыс қорытындысы арқылы жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталады.