Бүгін Төлеби ауданында аудан әкімі Еркеғали Әлімқұловтың төрағалығымен аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиынның басты тақырыбы – әлеуметтік-экономикалық даму, инфрақұрылымды жаңғырту және жоспарланған жұмыстардың сапалы орындалуын қатаң бақылау мәселелеріне арналды.
Мәжіліс барысында аудан экономика бөлімі басшысының орынбасары Ғани Оразымбетов бекітілген 97 индикаторлық көрсеткіштің орындалу барысы бойынша есеп берді. Ол көрсеткіштердің нақты орындалу деңгейін талдап, кемшіліктер мен жетістіктерді атап өтті. Аудан әкімі жоспарланған индикаторлардың толық әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты, жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктеді.
Сонымен қатар бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуы мен активтерді пайдалану бойынша жүргізілген аудиттің қорытындылары қаралды. Мәжілісте анықталған кемшіліктер мен тәуекелдерді жою, қаржылық тәртіпті күшейту мәселелері талқыланып, тиісті шараларды қабылдау жөнінде нақты нұсқаулар берілді.
Инфрақұрылымдық бағыт та ерекше назарға алынды. Ленгір қаласындағы Самал және Қазығұрт мөлтек аудандарының электр желілерін Алатау қосалқы станциясына қосу мәселесі қаралды. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысының орынбасары Айдос Бекеев пен «Оңтүстік Жарық» мекемесінің аудандық филиалының басшысы Нұрсұлтан Кенже атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы егжей-тегжейлі баяндады. Аудан әкімі электрмен қамтамасыз ету сапасының тұрғындар үшін аса маңызды екенін атап, жұмысты кезең-кезеңімен толық аяқтауды тапсырды.
Сондай-ақ жиында №3 кәріз тазалау имаратының іске қосылу барысы, елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету және жаяу жүргіншілерге қолайлы орта қалыптастыру мәселелері де қаралды. Барлық бағыттар бойынша инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және қауіпсіздік шараларын күшейту тапсырылды.
Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы бөлім басшыларына нақты мерзімдер белгілеуді, тапсырмалардың орындалуын қатаң бақылауда ұстауды міндеттеді. Сонымен қатар, ауданның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін ерекше атап өтті.
