Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев азаматтарды жеке қабылдап, тұрғындардың өзекті мәселелерін талқылады. Алдын ала жазылған арыстықтар әкімге әлеуметтік қолдау, тұрғын үймен қамтамасыз ету, ауыз және ағын су тапшылығы, инфрақұрылым жайы, аялдамалардың жағдайы, тұрақты жұмыспен қамту сынды түрлі тақырыптар бойынша өтініштерін жеткізді.
Әкім әрбір тұрғынның уәжін мұқият тыңдап, көтерілген мәселелердің заң аясында шешілуін назарға алды. Қарапайым азаматтардың сұрақтары әкімдік деңгейінде жедел шешім тапса, күрделі әрі жан-жақты талдауды қажет ететін жағдайлар бойынша қала басшысы өзі жергілікті жерге барып, мән-жайды жеке тексеретінін айтты.
— Халықпен тікелей кездесулер – қоғамның сенімін нығайтып, жергілікті билікке деген көзқарасты өзгертудің бір жолы. Әрбір өтініш назардан тыс қалмайды, — деді Қайсар Маңқараев.
Қабылдау қорытындысы бойынша барлық сұрақтар тиісті бөлімдерге жолданып, арнайы бақылауға алынды. Бұл – әкімдік пен халық арасындағы диалогтың жаңа үлгісі деуге болады.