Қала әкімі Маңқараев ұстаздар мен оқушыларды,ата-аналарды білім күні мерекесімен құттықтады

Баршаңызды 1 қыркүйек – Білім күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн – еліміздің әрбір отбасына қуаныш пен толқу сыйлайтын, жас ұрпақтың жаңа белеске қадам басатын ең қастерлі мерекелердің бірі.

Биылғы оқу жылы Арыс қаласы үшін ерекше есте қаларлық сәтпен басталды. «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында «Тараз» тұрғын ауданында 600 орындық жаңа мектептің салтанатты ашылуы өтті. Бұл – қала тұрғындары үшін зор қуаныш, балаларға жасалған үлкен қамқорлық. Енді осы шағын ауданның оқушылары алыстағы мектепке қатынамай, өздерінің жаңа, заманауи талаптарға сай білім ордасында сапалы білім алуға мүмкіндік алды.

Жаңа мектептің ашылуы – жас ұрпаққа берілген сенім мен қамқорлықтың айқын көрінісі. Кең әрі жарық сынып бөлмелері, заманауи пән кабинеттері, спорт және акт залдары, кітапхана мен асхана – барлығы да оқушылардың білім алуы мен жан-жақты дамуына жағдай жасайды. Мұндай игі қадамдар балалардың болашаққа нық сеніммен қадам басуына, өз армандарын жүзеге асыруына жол ашады.

Жалпы, жаңа оқу жылында Арыс қаласы бойынша 20 мыңнан астам бала мектепке барады. Оның ішінде 1629 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттап отыр. Олар үшін биылғы Білім күні ерекше қуанышты әрі есте қаларлық. Өйткені алғашқы қадамдары жаңа мектептің ашылуымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл – жас бүлдіршіндердің болашағына бағытталған жарқын символ.

Бұл қуанышты оқиға – Мемлекет басшысының білім саласына айрықша көңіл бөліп отырғанының нақты нәтижесі. Сондай-ақ облыс басшылығының және жергілікті атқарушы органдардың қамқорлығы арқасында жүзеге асқан игілікті іс. Білім саласына жасалған мұндай қолдау – елдің ертеңіне салынған инвестиция, жас ұрпақтың болашағына бағытталған сенімді қадам.

Құрметті ұстаздар! Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында балалардың армандары орындалып, үлкен жетістіктерге жетеді. Оқушыларға білім нәрін сіңіріп қана қоймай, адамгершілік пен жауапкершілікке тәрбиелеу – ең абыройлы әрі мәртебелі міндет.

Қадірлі ата-аналар! Балаларға жасалған әрбір қамқорлық – сіздердің де мерейлеріңіз. Ұрпақ тәрбиесіндегі ортақ жауапкершілікті бірге атқарып, балаларымыздың болашағы үшін жұмыла еңбек етейік.

Ардақты оқушылар! Алдарыңызда жаңа оқу жылы, жаңа белестер мен мүмкіндіктер күтіп тұр. Сабаққа тыңғылықты дайындалып, әр күнді білімге деген құштарлықпен қарсы алыңыздар. Жаңа мектептің табалдырығын аттаған әрбір бүлдіршін мен жоғары сынып оқушыларына толағай табыстар тілеймін.

Құрметті жерлестер! Баршаңызды Білім күні мерекесімен тағы да шын жүректен құттықтаймын! Жаңа оқу жылы зор жетістіктерге, жаңа білім ордасы – жас ұрпақтың биік асуларды бағындыруына жол ашсын!

Білім күні құтты болсын!

Ұқсас жаңалықтар

Түркістанда тұрғын үймен қамту мәселесі талқыланды

berdaly_oraz

Арыста тұрғындар ағаш отырғызуға жұмылды: «Өз ағашыңды отырғыз» акциясы өтті

berdaly_oraz

Түркістан облысында полицейлер 17 мыңнан астам құқықбұзушылықты анықтады