«Қазсушардағы» бетбұрыс: шығын жойылып, қарыз 90%-ға қысқарды

Су шаруашылығы саласындағы ауқымды реформаның алғашқы нәтижелері жарияланды. «Қазсушар» РМК шығыннан арылып, өткен жылды пайдамен аяқтаған. Ал кәсіпорынның дебиторлық берешегі бір жыл ішінде 90 пайызға азайған.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Су ресурстары және ирригация министрлігі еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесін қайта құру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Реформаның негізгі мақсаты – саланың тиімділігін арттырып, басқару жүйесін цифрландыру және кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасын күшейту.

Осы бағытта «Нұра топтық су құбыры» РМК «Қазсушар» РМК құрамына біріктірілді. Сонымен қатар кәсіпорынның бейінді емес активтерін, соның ішінде топтық су құбырларын коммуналдық меншікке беру жөніндегі Жол картасы әзірленіп, жүзеге асырылуда.

Реформаның маңызды бағыттарының бірі – қаржылық тәртіпті күшейту. Биылдан бастап су тұтынушылармен жасалатын барлық шарт жаңа биллинг жүйесі арқылы электронды форматқа көшіріледі. Ал суару суы үшін қолма-қол төлем жасау толығымен тоқтатылды.

Бұл өзгерістердің нәтижесі де айқын көріне бастаған. Министрліктің мәліметінше, қабылданған кешенді шаралар «Қазсушардың» шығынын толық жоюға мүмкіндік беріп, кәсіпорын өткен жылды пайдамен аяқтаған. Бұған қоса, дебиторлық берешек 90 пайызға қысқарған.

Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімовтің айтуынша, «Қазсушарды» реформалау тек қаржылық көрсеткіштерді жақсартумен шектелмейді.  «Қазсушар» РМК-ны реформалау бизнес-процестерді қайта құру мен автоматтандыруды, филиалдардың қызметін жоспарлау және тиімділігін бағалау жүйесін қалыптастыруды, кіріс пен шығысты басқаруды орталықтандыруды, жобалық басқару қағидаттарын енгізуді және жарғылық қызмет түрлерін кеңейтуді қамтиды», – деді ол.

Кәсіпорынның техникалық паркін жаңарту жұмыстары да жүргізілуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша техника паркінің 27 пайызы жаңартылған.

Яғни, су шаруашылығындағы өзгерістің өзегі – қағазбастылық пен қолма-қол есептен цифрлық басқаруға, тиімсіз шығыннан нақты жоспарлауға көшу. Ендігі маңызды мәселе – бұл реформалардың нәтижесі су тұтынушыларға көрсетілетін қызмет сапасына қаншалықты әсер ететіні.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысында бес жаңа индустриалды аймақ ашылды

berdaly_oraz

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ИНСТИТУТТАРДЫ НЫҒАЙТЫП, БИЛІК ТАРМАҚТАРЫНЫҢ ТЕПЕ-ТЕҢДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕТІН НЕГІЗ

berdaly_oraz

“Мұстафа, Мұса, Хадия”: Шымкентте үшем дүниеге келді