ҚАЗЫҒҰРТТА ҚАРҚЫН БАР: МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ӨҢІРДЕГІ ІРІ ЖОБАЛАРДЫ КӨЗБЕН КӨРДІ

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Темір Қырықбаев Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары аясында Қазығұрт ауданына барып, ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетімен танысты. Сапарға облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов те қатысып, жергілікті деңгейде іске асып жатқан жобалардың барысын бірге зерделеді.

Ауданға барған жұмыс тобы алдымен Қақпақ ауылдық округінде орналасқан мал бордақылау кешенінің құрылыс алаңына аялдады. «Қарқын–2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырып жатқан бұл жобаға 4,1 млрд теңге инвестиция тартылған. Америкалық заманауи технологиялар негізінде іске асырылатын кешен жылына 5 мың бас ірі қара малды бордақылауға мүмкіндік береді. Жоба толық іске қосылған жағдайда, 30-ға жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Іссапар барысында делегация Қазығұрт ауданының басты нышандарының біріне айналған «Нұх пайғамбар кемесі» мемориалдық кешеніндегі абаттандыру және жаңғырту жұмыстарымен де танысты. Кешен аумағында 51 метр биіктікке мемлекеттік ту орнатылып, 1880 шаршы метр жерге көгал төселген. Сонымен қатар, аумақ жарықтандырылып, 29 шам орнатылған, 400 түп шырша көшеті егілген. Облыстық мәслихат төрағасы аталған нысан өңір туризмін дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Жұмыс сапары аясында Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев «AMANAT» партиясының Қазығұрт аудандық филиалында тұрғындарды жеке қабылдап, азаматтардың әлеуметтік және тұрмыстық мәселелеріне қатысты ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Сонымен қатар, ардагерлер үйіне барып, ақсақалдармен жүздесіп, олардың көтерген мәселелерін назарға алды.

Сапар соңында депутат Шұбарбұлақ ауылындағы заманауи спорт кешенінің жұмысымен танысты. Нысан ауыл жастарының бұқаралық спортпен айналысуына толық жағдай жасайды. Кешен ішінде күрес, бокс, фитнес залдары мен жабық футбол алаңы бар. Ал сыртқы аумақта футбол, баскетбол, волейбол, жеңіл атлетика алаңдары, street workout аймақтары және балалар ойын алаңшалары қарастырылған. Қазіргі таңда бұл спорт кешенінде 300-ге жуық жасөспірім тұрақты түрде жаттығумен айналысып келеді.

Ұқсас жаңалықтар

«Шымкент — қызғалдақтар қаласы» атты халықаралық симпозиум өтуде

ЕЛІМІЗДЕ 2026 ЖЫЛДАН БАСТАП СӘН-САЛТАНАТ САЛЫҒЫ ЕНГІЗІЛЕДІ

Redaktor Arysinfo

Түркістан облысында 60-тан астам ауыл ішімдік сатудан бас тартты

berdaly_oraz