Келешек мектебі»: Жетісайда 600 орындық жаңа білім ордасы есігін айқара ашты

1 қыркүйек – Білім күні мерекесінде Жетісай ауданында айрықша қуанышты оқиға орын алды. Ынтымақ ауылдық округіне қарасты Ақниет елді мекенінде 600 орындық жаңа мектептің лентасы қиылды. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өңірде салынған алғашқы білім ошағы.

Ашылу салтанатына Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, ауыл тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері қатысып, ұстаздар мен оқушыларды мерекемен құттықтады.

Бұған дейін ауыл балалары 2,5 шақырым қашықтықтағы Көрікті ауылының №37 «Еңбек» мектебіне қатынап оқуға мәжбүр болатын. Енді олар заман талабына сай жабдықталған зәулім ғимаратта сапалы білім алуға мүмкіндік алды. Жаңа мектепте кең мәжіліс залы, кітапхана, заманауи шеберханалар, спорт және хореография залдары, медициналық кабинеттер мен бейнебақылау жүйелері қарастырылған.

– Президентіміздің бастамасымен салынып жатқан «Келешек мектептері» – ауыл мен қала арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған маңызды қадам. Жаңа ғимарат тек оқушыларға емес, мұғалімдерге де қолайлы жағдай туғызып отыр. Енді ауыл балалары ғылым мен білімнен шет қалмай, заманауи технологияларды меңгеріп, елдің дамуына үлес қосатын тұлға болып қалыптасулары тиіс. Бұл бағытта ұстаздар қауымына артылған сенім зор, – деді аудан әкімі Серік Мамытов.

Мектепте жоғары және бірінші санатты мұғалімдер жұмыс істейді. Педагогтардың біліктілігін арттыруға жағдай жасалып, оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, цифрлық сауаттылықты арттыруға баса мән берілмек.

Жетісайдағы жаңа білім ордасы – өңірде соңғы жылдары жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстардың бір бөлігі. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, аудандағы үш мектепте реновация, бес мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуын қамтамасыз етуді көздейді.

Жаңа оқу жылы Ақниет ауылының бүлдіршіндері мен ата-аналары үшін есте қаларлық мерекемен басталды. Тұрғындар енді сапалы білімді ауылдан алыстамай-ақ ала алатынын айтып, қуаныштарымен бөлісті.

Осылайша, «Келешек мектептері» жобасы ауылдағы білім сапасын көтеріп, болашақ ұрпақтың жарқын келешегіне жол ашуда.

 

Ұқсас жаңалықтар

«Әкемді бір рет көру – арманым»: Ақтаулық қыз Монтайтастан 27 жылдан бері хабарсыз кеткен әкесін іздейді

berdaly_oraz

Шымкентте еріктілер тыл еңбеккерінің жылдар бойы қараусыз қалғанын анықтады

berdaly_oraz

Шымкент қаласындағы қаржы пирамидасы қызметін тоқтатты