Сурет: Түркістан обл. әкімдігі
Түркістан облысының Кентау қаласында түнгі уақытта тұрғын үйдің алғашқы қабатында орналасқан қоғамдық тамақтану орнында газ-ауа қоспасының тұтануы салдарынан өрт шықты. Төтенше жағдайлар қызметі оқиға орнына жедел жетіп, өртті қысқа уақыт ішінде толық сөндірді.
Қайғылы жағдайдан бір адам қаза болды. Тағы төрт азамат түрлі жарақатпен медициналық мекемеге жеткізілді. Олардың екеуінің жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде ем қабылдауда. Дәрігерлер зардап шеккендердің денсаулығын тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Оқиға орнына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы барып, жауапты құрылымдармен шұғыл жиын өткізді. Аймақ басшысы жағдайды жеке бақылауына алып, жедел штабтың жұмысын ұйымдастырды.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарын жүргізуде.
