ARYSINFO.KZ: Түркістан облысының Арыс қаласы маңындағы Шағыр, Бақырша, Монтайтас алқаптарында қазылып жатқан кеурек (ферула) шөбі – бүгінгі таңда еліміздің табиғи байлығын заңсыз олжалаудың нақты көрінісі. Бұл өсімдікті тамырымен жұлып, шетелге саудаға шығаруға асығатын топтар табиғатты да, заңды да аяққа таптап отыр. Кеуректің бағасы аспандап тұр – дәрілік қасиеті бар өсімдіктің тамыры шетелдік фармацевтикалық компаниялар үшін үлкен олжа. Ал бұл Қазақстан үшін — қайтарылмас экологиялық және ұлттық шығын.

2024 жылдың 28 мамырында Түркістан облысының бұрынғы әкімі Дархан Сатыбалды кеурек өсімдігін 8 жылға заңсыз жинауға, қазуға тыйым салатын қаулыға қол қойған. Алайда бұл қаулының күші нақты жергілікті жерде қаншалықты орындалып жатыр? Заң қабылдау — бір басқа, оны бақылау — мүлде бөлек мәселе.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, кейбір топтар әлі де далада кеурек қазып жүр. Көбісі жалдамалы жұмысшыларды пайдаланып, артында кім тұрғанын жасырып қалады. Бұл — ұйымдасқан табиғат браконьерлігінің белгісі. Мұндай жүйе тек пайдаға емес, параға жұмыс істейді.
Кеурек – жай шөп емес. Ол – Қазақстанның экожүйесінің бір бөлігі, даламыздың ерекше мұрасы. Егер біз осы бетпен жүре берсек, келесі ұрпаққа тек суреті ғана қалады. Экономикалық қызығушылық экологиялық апатқа айналмауы тиіс. Қаулы орындалуы үшін қоғам тарапынан да бақылау, ашықтық пен жауапкершілік қажет. Әйтпесе, қағаздағы тыйым далада аяқасты бола береді.
Автор: Бердалы Ораз
