Құны жарты миллион теңге тұратын Монтайтас көшелеріндегі бейнебақылау камералары кімнің бақылауында?

Монтайтас ауылдық округінде көшелерге орнатылған алты бейнебақылау камерасына жарты миллион теңгеден астам бюджет қаржысы жұмсалған. Алайда камералардың техникалық мүмкіндігі, қаржыландыру тиімділігі және жазбалардың қолжетімділігі тұрғындар арасында сұрақ туындатып отыр. Осыған байланысты Arysinfo.kz тілшісі жергілікті атқарушы органға ресми сауал жолдап, нақты жауап алды.

Жауапқа сәйкес, бейнекамералар ауыл ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында көше жарық шамдары орналасқан бағаналарға орнатылған. Бұл шешім техникалық және экономикалық тұрғыдан тиімді деп танылған. Жоба негізінен тұрғындардың қауіпсіздігін бақылауға бағытталған.

Камералардың техникалық мүмкіндігі де нақтыланды. Монтайтас көшелеріне орнатылған бейнебақылау құрылғылары PTZ үлгісінде, яғни айналдыру және еңкейту функциялары бар. Олар 270 градусқа дейін айналу мүмкіндігіне ие, алайда 360 градусқа толық шолу жасайды деген ақпарат рас емес.

Жобаның қаржылық жағына келсек, бастапқы жобалық-сметалық құжаттама бойынша 600 мың теңге қарастырылған.

Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы өткізілген конкурс нәтижесінде ең төмен бағаны ұсынып, мердігер 510 600 теңгеге орнату жұмыстарын орындаған. Қаражат аудандық бюджет есебінен бөлінген.

Камералар күн панельдері арқылы қуаттанады. Бұл қыс мезгілінде жарық азайған кезде техникалық қиындықтар туындай ма деген сұраққа жауап ретінде, қазіргі уақытта барлық құрылғылар тұрақты түрде және сапалы жұмыс істеп тұрғаны хабарланды.

Бейнебақылау жүйесі әкімдік тарапынан арнайы компьютер арқылы қадағаланады.Камералар жеке тұлғалардың смартфонымен басқарылмайды. Ал жазбаларды қарау мәселесіне келсек, тұрғындар кез келген оқиға орын алғанда ауылдық округ әкімінің аппаратына барып, белгіленген тәртіппен бейнематериалдарды көре алады.

Техникалық сипаттамалары да анықталды: жазу сапасы кемінде 4 мегапиксель, вариофокалды объектив арқылы аумақты толық қамтиды, автоматты басқару бар, сыртқы ортаға бейімделген және су өткізбейтін IP66 стандартына сай.

Жергілікті билік бұл жоба арқылы ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздегенін атап өтті

Ұқсас жаңалықтар

Түркістандағы азаматтық форумда маңызды мәселелер талқыланды

Арыс қаласының тумасы Ордабек Анеля — Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды

berdaly_oraz

Арыс қаласында орталықтандырылған жылуға қосылған үйлердің қатары артты

berdaly_oraz