Сарыағаш ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жобалардың орындалу барысы жіті бақылауда. Аудан әкімі Арман Абдуллаев құрылыс алаңдары мен өндіріс орындарын аралап, бірқатар нысандардағы жұмыс қарқынына баға берді.
Алдымен аудан басшысы Қабланбек ауылдық округіне қарасты Жонарық елді мекенінде салынып жатқан 200 орындық мәдениет үйі мен кітапхана ғимаратының құрылысымен танысты. Тексеру барысында құрылыс қарқынының жоспарланған деңгейден төмен екені айтылып, мердігер ұйымға жұмысты жеделдету, жұмысшылар санын көбейту, құрылыс сапасын күшейту және нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беру жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.
Қазіргі таңда нысанда ішкі және сыртқы әрлеу, желдету жүйесін орнату, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылым желілерін тарту жұмыстары жалғасып жатыр.
Жұмыс сапары барысында аудан әкімі жергілікті кәсіпкер Алмахан Мауленовтың өндіріс орнында болды. Кәсіпорын бетон мен мәрмәр тасы қоспасынан абаттандыруға арналған орындықтар, қоқыс жәшіктері және өзге де бұйымдар шығарады. Өнімдер Түркістан облысы мен Шымкент қаласында сұранысқа ие. Үш жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан өндіріс орнында бес адам тұрақты еңбекпен қамтылған. Сонымен қатар, кәсіпкердің тапсырыс бойынша түрлі бұйымдар тігетін тігін цехының жұмысы да таныстырылды.
Сапар аясында Арман Абдуллаев Жартытөбе ауылдық округінің Бостандық елді мекенінде салынып жатқан медициналық нысанның құрылысын да көрді. Қазіргі уақытта мұнда ішкі әрлеу, аумақты абаттандыру және асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімі құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстап, барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Жаңа медициналық нысан іске қосылғаннан кейін Бостандық ауылы тұрғындарының алғашқы медициналық-санитариялық көмекке қолжетімділігі артып, ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтеріледі.
