Түркістан облысында қазақ күресінің ең мықты балуаны анықталды. Сайрам ауданындағы Қарасу спорт кешенінде өткен ересектер арасындағы «Түркістан Барысы – 2026» облыстық іріктеу турнирінде Шардара ауданының намысын қорғаған Қайсар Шамшидинов жеңіс тұғырынан көрініп, «Түркістан Барысы» атағын иеленді.
Дәстүрлі додаға облыстың аудан-қалаларынан 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде топ жарған 26 балуан қатысты. Боз кілемде өткен тартысты белдесулер ұлттық спорттың деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеп, жанкүйерлерге әсерлі сәттер сыйлады.
Турнирдің ашылу рәсіміне Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев пен Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров қатысып, балуандарға сәттілік тілеп, ұлттық спортты дамытуға қосып жүрген үлестеріне алғыс білдірді.
Жарыс қорытындысында Сауран ауданының балуаны Әбдуғани Бибарыс қола жүлдеге ие болды. Ал финалда Шардара ауданының өкілі Қайсар Шамшидинов пен Сарыағаш ауданының балуаны Мейіржан Әбдімәліков күш сынасты. Шешуші белдесуде Қайсар Шамшидинов айқын басымдық танытып, «Түркістан Барысы – 2026» атағын жеңіп алды.
Жеңімпазға арнайы белбеу мен 500 мың теңгенің сертификаты табысталды. Екінші орын иегері 300 мың теңге, үшінші орын алған балуан 200 мың теңгенің сертификатына ие болды.
Енді облыстық іріктеуде үздік шыққан Қайсар Шамшидинов пен Мейіржан Әбдімәліков 15 тамыз күні Астана қаласында өтетін республикалық «Қазақстан барысы» турнирінде Түркістан облысының намысын қорғайды.
