Мақтаарал ауданы әкімі аппаратының кезекті аппараттық мәжілісі өтті. Жиынды аудан әкімі Бақыт Асанов басқарды. Кездесуге әкімнің орынбасарлары, аппарат басшысы, бөлім басшылары, дербес бөлім жетекшілері, аумақтық мекемелердің басшылары және кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері қатысты.
Күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі – жер учаскелерін беру, пайдалану және олардың заңға сәйкес қорғалуын қамтамасыз ету болды. Ауданның жер қатынастары бөлімінің басшысы Ө.Мырзамдамов «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол құрылысы бойындағы жерлерді қайтару, Фердауси, Үлгілі, Жамбыл елді мекендерінің аумағын кеңейту, Атакент кентіне айналма жол салу, сондай-ақ мемлекеттік шекара қорғалатын аймаққа қажетті жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын баяндады. Сондай-ақ тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдеріне кезектілікті реттеу үшін ауыл әкімдерімен бірлесіп жұмыс істеу қажеттігі айтылды.
Ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Н.Елшібаев 2026 жылға кедейлік деңгейін 3,4%-дан асырмау жоспары мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын төмендету, «D» және «E» санаттары бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жоспарының орындалуын баяндады. Алайда кейбір ауылдық округтерде атаулы көмек алушылар саны жоспардан асып кеткені анықталды. Аудан әкімі бұл бағытта жұмыс күшейтілуін тапсырды.
Мәжілістің тағы бір маңызды тақырыбы – қысқы сор шаю жұмыстары мен көктемгі егіс науқанына дайындық болды. Ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Баязит Әлімқұл қысқы сор шаю жұмыстарының кешігіп жатқанын хабарлады. Аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров су шаруашылығы мекемесінің басшысына жұмысты ширатуды тапсырды, ал ауыл әкімдері арқылы шаруаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізу міндеттелді.
Сонымен қатар, аудан аумағындағы күл-қоқыстардың жай-күйі де қаралды. Ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы Әділ Тұрсынханов слайд арқылы кенттер мен ауылдық округтерде төгілген тұрмыстық қалдықтарды көрсетті. Аудан әкімі санитарлық тазалық мәселесі ешқашан күн тәртібінен түспеуі тиіс екенін атап, тиісті мекемелер мен ауыл әкімдеріне жұмысты жүйелі жүргізуді тапсырды.
Жиын қорытындысында Бақыт Асанов барлық мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын қатаң бақылауда ұстауды қадап айтты.
