Мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғырту бағытында қолға алынған ротация тетігі – кадрлық әлеуетті арттыру мен жемқорлыққа тосқауыл қоюдың тиімді әдістерінің бірі. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Абылайхан Наурызбаев мәлім етті.
2024 жылғы 30 қазанда Мемлекет басшысының Жарлығымен ротация қағидаларына өзгерістер енгізіліп, ротацияға жататын “Б” корпусы қызметшілерінің санаттары кеңейтілді. Енді өңірлердегі С-О-2, D-O-2 және Е-1 санатындағы мемлекеттік қызметшілер міндетті түрде ротацияға ілінеді.
Наурызбаевтың айтуынша, ротация қызметкерлердің түрлі деңгейдегі мемлекеттік органдарда жұмыс істеу арқылы тәжірибесін арттырып, басқарушылық әлеуетін шыңдауға сеп болады. Сонымен қатар, бұл тетік жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді. Себебі бір орында ұзақ уақыт жұмыс істеу қызметкерді сол ортаға тәуелді етуі мүмкін. Ал жаңа орта – жаңа міндеттер мен мүмкіндіктер деген сөз.
Өткен жылы енгізілген өзгерістер нәтижесінде Түркістан облысында 23 басшы ротацияға түсті. Атап айтқанда, 7 басқарма басшысының орынбасары (D-O-2) және 16 қала-аудан әкімдерінің орынбасарлары (E-1) басқа аймақтарға ауыстырылды.
Әрине, ротация әлеуметтік қиындықтарсыз болмайды. Отбасымен көшу, жаңа ортаға бейімделу секілді мәселелер туындайтыны анық. Бұл ретте Үкімет 2023 жылғы 6 маусымдағы №499 қаулысымен ротациялық төлемдер тәртібін бекітті. Осылайша, мемлекет ротацияланған қызметшілердің тұрғын үймен қамтамасыз етілуі мен өтемақы алуын реттеуді қолға алды.